Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Камал Саруарұлы Ормантаев 89 жасында өмірден озды

 

Терең күйзеліспен хабарлаймыз: Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Камал Саруарұлы Ормантаев 89 жасында өмірден озды.

Камал Саруарұлы 1936 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 1953 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне түсіп, еңбек ету жолын медицина саласында бастады. 1968 жылы осы институттың балалар хирургиясы кафедрасын басқарып, ғылыми мектептің негізін қалады. Кейіннен ұзақ жылдар бойы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығын басқарды.

Балалар хирургі ретінде жарқын еңбек жолында 20 000-ға жуық күрделі операция жасап, мыңдаған баланың өмірін сақтап қалды. Оның тәлімгерлігімен 1 500-ден астам білікті дәрігер дайындалып, олардың көбі Қазақстан мен шетелдегі жетекші мамандарға айналды.

Камал Саруарұлы балалар травматологиясы мен ортопедиясының дамуына ерекше көңіл бөлді. Оның басшылығымен осы салада жаңа диагностикалық және емдеу технологиялары әзірленіп, бұл 1999 жылы оған және әріптестеріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын әкелді.

Академик Н.Д. Батпенов атындағы Травматология және ортопедияның Ұлттық ғылыми орталығы Камал Саруарұлы Ормантаевтың отбасы мен жақындарына шын жүректен қайғырып көңіл айтады. Ұстазымыздың, ұлы балалар дәрігерінің жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.


Басып шығару   E-mail