Академик Н.Ж. Батпенов атындағы ҰҒТОО жетекші травматолог-ортопед Алексей Белокобылов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Республика күні қарсаңында Астанада «Мәңгі жаса, қыран елім – Қазақстаным» салтанатты іс-шарасы барысында еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және адамдардың өмірін сақтауға ерекше үлес қосқан медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Мемлекеттік наградаға ие болғандардың қатарында «Қазақстандық медицинаның алтын қолдары» бар. Академик Н.Ж. Батпенов атындағы ҰҒТОО жетекші травматолог-ортопед, республикалық буындарды эндопротездеу орталығының жетекшісі Алексей Александрович Белокобыловты осылай атайды.
Оның есімі Қазақстаннан тыс жерлерде де белгілі. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен пациенттер жоғары білікті көмек алу үшін келеді.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 100-ден астам ғылыми жарияланымның авторы Алексей Александрович отандық медицинаның дамуына зор үлес қосты. Оның инновациялық әдістері мен көп жылдық тәжірибесінің арқасында мыңдаған пациент жаңа өмірге қол жеткізді.
Буындарды эндопротездеу, күрделі операциялар - ол үшін мүмкін емес міндеттер жоқ. Оның біліктілігі мен пациенттерге деген жанашырлығы оны өз саласындағы ең сұранысқа ие мамандардың біріне айналдырады.