×
- О центре
- Клинические направления…
- Научная деятельность…
- Пациентам
- Мемлекеттік тіл
ҚР «Мемлекеттік тіл туралы» заңы
1 тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) диаспора – өзiнiң тарихи шығу тегiнен тысқары елде тұрып жатқан халықтың бiр бөлiгi (этностық қауымдастық);
1-1) маңдайша – дараландыру құралдарын қоса алғанда, жеке және заңды тұлғалардың атауы және қызметінің түрі туралы ғимаратқа кірер жолдардың саны бойынша оған кірер жолдың шегінде және (немесе) алып жатқан аумақ қоршауына кірер жолда, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың нақты тұрған және тауарларды өткізетін, жұмыстарды орындайтын және қызметтерді көрсететін жерлердегі ғимараттарының, оларға жапсарлас құрылыстарының және уақытша құрылысжайларының шегіндегі шатырларда және қасбеттерде орналастырылатын ақпарат;
1-2) мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы – түпнұсқаның мағынасы мен мазмұнын өзгеріссіз сақтайтын мәтіннің басқа тілге аудармасы;
2) ономастика – тiл бiлiмiнiң жалқы есiмдердi, олардың пайда болуы мен өзгеруiнiң тарихын зерттейтiн бөлiмi;
3) ономастика комиссиясы – Қазақстан Республикасының аумағындағы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне, әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiнде тарихи атауларды қалпына келтiру және сақтау бойынша бiрыңғай көзқарасты қалыптастыру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлейтiн консультациялық-кеңесшi орган;
3-1) ономастика саласындағы уәкілетті орган – ономастика саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
4) орфография – дұрыс жазу ережесi, сөйленген сөздi (сөздер мен грамматикалық тұлғаларды) жазбаша беру тәсiлдерiнiң бiрiздiлiгiн белгiлейтiн қағидалар жүйесi;
5) Республикалық терминология комиссиясы – уәкілетті органның жанындағы, экономиканың, ғылымның, техниканың және мәдениеттiң барлық салалары бойынша қазақ тiлiнiң терминологиялық лексикасы саласындағы ұсыныстарды әзiрлейтiн консультативтік-кеңесшi орган;
6) топонимика – ономастиканың географиялық объектiлердiң атауларын, олардың пайда болуының, өзгеруінің және қолданылуының заңдылықтарын зерттейтiн бөлiмi;
7) алып тасталды — ҚР 29.12.2021 № 94-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
8) тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган – тілдерді дамыту саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда — ҚР 21.01.2013 № 72-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiледi); өзгеріс енгізілді – ҚР 30.04.2021 № 34-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 94-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2025 № 157-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
2-бап. Осы Заңның реттейтiн мәселесi
Мемлекеттiк, мемлекеттiк емес ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қызметiнде тiлдердi қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар осы Заң реттейтiн мәселе болып табылады.
Осы Заң жеке адамдар арасындағы қатынастарда және дiни бiрлестiктерде тiлдердiң қолданылуын реттемейдi.
3-бап. Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасы
Ескерту. 3-баптың тақырыбы жаңа редакцияда — ҚР 29.12.2021 № 94-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, тiлдердi қолдануға және дамытуға қатысты Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 29.12.2021 № 94-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3-1-бап. Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының негізгі мақсаты
Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының негізгі мақсаты тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін реттеу болып табылады.
Ескерту. 3-1-баппен толықтырылды – ҚР 13.01.2025 № 157-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3-2-бап. Тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері
Тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) мемлекеттік тілге және Қазақстан халқының тілдеріне бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз ету;
2) қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданылуын кеңейтуді қамтамасыз ету;
3) Қазақстан халқының тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау.
Ескерту. 3-2-баппен толықтырылды – ҚР 13.01.2025 № 157-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3-3-бап. Тіл саясатының қағидаттары
Тіл саясатының қағидаттары мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасы азаматтарының тілдерді дамыту саласындағы құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету;
2) Қазақстан халқының тілдерін еркін пайдалану.
Ескерту. 3-3-баппен толықтырылды – ҚР 13.01.2025 № 157-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi — қазақ тiлi.
Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.
Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар:
Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға;
Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;
қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.
Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.
6-бап. Мемлекеттiң тiл жөнiндегi қамқорлығы
Қазақстан Республикасының азаматының ана тiлiн қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдауына құқығы бар.
Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызу жөнiнде қамқорлық жасайды.
Ұлттық топтар жинақты тұратын жерлерде iс-шаралар өткiзiлген кезде олардың тiлдерi пайдаланылуы мүмкiн.
7-бап. Тiлдердiң қолданылуына кедергi келтiруге жол бермеу
Қазақстан Республикасында тiлдiк белгiсi бойынша азаматтардың құқықтарын кемсiтуге жол берiлмейдi.
Қазақстанда мемлекеттiк тiлдiң және басқа да тiлдердiң қолданылуына және оларды үйренуге кедергi келтiретiн лауазымды адамдардың iс-әрекеттерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады.
2 тарау. Тiл — мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдар мен
жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында
Мемлекеттiк тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады, орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.
Мемлекеттiк емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттiк тiл және қажет болған жағдайда басқа тiлдер қолданылады.
9-бап. Мемлекеттiк органдар актiлерiнiң тiлi
Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн.
10-бап. Құжаттама жүргiзу тiлi
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары жүйесiнде, ұйымдарында, меншiк нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргiзу мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қамтамасыз етiледi.
Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді — ҚР 2006.06.05 № 146; 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
11-бап. Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап тiлi
Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi.
12-бап. Қарулы Күштер мен құқық қорғану органдарындағы тiл
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, сондай-ақ әскери және әскерилендiрiлген құрамалардың барлық түрiнде, мемлекеттiк бақылау мен қадағалау, азаматтарды құқықтық қорғау ұйымдарында және құқық қорғау органдарында мемлекеттiк тiлдiң және орыс тiлiнiң қолданылуы қамтамасыз етiледi.
Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал, қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.
14-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi жүргiзу тiлi
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер мемлекеттiк тiлде, ал қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде жүргiзiледi.
Қазақстан Республикасында жеке және заңды тұлғалардың жазбаша нысанда жасалатын барлық мәмiлелерi қажет болған жағдайда басқа тiлдердегi аудармасы қоса берiлiп, мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады.
Шетелдiк жеке және заңды тұлғалармен жазбаша нысанда жасалатын мәмiлелер мемлекеттiк тiлде және тараптар үшiн қолайлы тiлде жазылады.
Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді — ҚР 2006.06.05 № 146; 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
3 тарау. Тiл – бiлiм беру, ғылым, мәдениет және масс-медиа саласында
Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 19.06.2024 № 94-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
16-бап. Тiл — бiлiм беру саласында
Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлде, ал ұлт топтары жинақы тұратын жерлерде солардың тiлдерiнде жұмыс iстейтiн мектепке дейiнгi балалар ұйымдарын құру қамтамасыз етiледi.
Балалар үйлерiнде және оларға теңестiрiлген ұйымдарда оқыту, тәрбие беру тiлiн жергiлiктi атқарушы органдар олардағы балалардың ұлттық құрамын ескере отырып белгiлейдi.
Қазақстан Республикасы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі бiлiмдi мемлекеттiк тiлде, орыс тiлiнде, ал қажетiне қарай және мүмкiндiгi болған жағдайда басқа да тiлдерде алуды қамтамасыз етедi. Білім беру ұйымдарында мемлекеттiк тiл мен орыс тiлi мiндеттi оқу пәнi болып табылады және бiлiм туралы құжатқа енгiзiлетiн пәндер тiзбесiне кiредi.
Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 2007.07.27. № 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
17-бап. Тiл — ғылым және мәдениет саласында
Қазақстан Республикасында ғылым саласында, диссертацияларды ресiмдеу мен қорғауды қоса алғанда, мемлекеттiк тiл мен орыс тiлiнiң қолданылуы қамтамасыз етiледi.
Мәдени шаралар мемлекеттiк тiлде және қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жүргiзiледi.
Ескерту. 18-баптың тақырыбы жаңа редакцияда — ҚР 19.06.2024 № 94-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қазақстан Республикасы масс-медиада мемлекеттiк тiлдiң, басқа да тiлдердiң қолданылуын қамтамасыз етедi.
Қажеттi тiлдiк ортаны жасау және мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншiк нысанына қарамастан, теле-, радиоарналар арқылы берiлетiн мемлекеттiк тiлдегi теле-, радиобағдарламалардың көлемi уақыт жағынан басқа тiлдердегi теле-, радиобағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс.
Ескерту. 18-бапқа өзгерістер енгізілді — ҚР 2012.01.18 № 546-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.06.2024 № 94-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
4 тарау. Тiл — елдi мекен атауларында, жалқы есiмдерде, көрнекi ақпаратта
19-бап. Топонимикалық атауларды пайдалану тәртiбi
Ескерту. 19-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді — ҚР 29.12.2021 № 94-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физика-географиялық объектiлердiң дәстүрлi, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары мемлекеттік тілде жазылады.
Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 21.01.2013 № 72-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiледi); 29.12.2021 № 94-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
20-бап. Кiсi есiмiн, әкесiнiң есiмiн және тегiн жазу
Кiсi есiмiн, әкесiнiң есiмiн және тегiн ресми құжаттарда жазу Қазақстан Республикасының заңдары мен нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес келуге тиiс.
21-бап. Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi
Деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері орфография нормалары және мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы сақтала отырып жазылады.
Мемлекеттiк органдардың мөрлерi мен мөртаңбаларының мәтiнiнде олардың атаулары мемлекеттiк тiлде жазылады.
Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртабандарының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады.
Мемлекеттік ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де жазылады.
Мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де жазылады.
Мемлекеттік ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де орналастырылады.
Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады. Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгермеген түрінде жазылады.
Маңдайшаны орналастыруға «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес маңдайшаларды орналастыру туралы хабарлама жіберілген жағдайда жол беріледі.
Хабарлама:
1) маңдайшаны республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, облыстық маңызы бар қалаларда орналастыру кезінде – республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына;
2) маңдайшаны аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдарда, кенттерде орналастыру кезінде аудандардың жергілікті атқарушы органдарына жіберіледі.
Хабарлама маңдайша орналастырылатын болжамды күннен кемінде бес жұмыс күні бұрын жіберіледі.
Хабарламаға:
1) маңдайшаны орналастыру орны туралы ақпаратты қамтитын мәліметтер нысаны;
2) маңдайшаның эскизі қоса беріледі.
Жергілікті атқарушы органдар ұсынылған материалдарға жойылуы міндетті жазбаша уәжді ескертулер беруге құқылы.
Жергілікті атқарушы органдар ескертулер ұсынған жағдайда маңдайша ескертулер жойылған кезде ғана орналастырылуы мүмкін.
Жергілікті атқарушы органдар хабарламаны алған күннен бастап төрт жұмыс күні ішінде жауап бермеген жағдайда, өтініш беруші маңдайшаны өзі мәлімдеген мерзімдерде орналастыруға құқылы.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, жол белгілеріндегі жазбалар мемлекеттік тілде жазылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады.
Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қажеттi ақпарат болуға тиiс.
Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмалары (этикеткалары), таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебiнен мемлекеттiк тiлдегi және орыс тiлiндегi аудармасымен қамтамасыз етiледi.
Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде — сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi.
Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 29.12.2021 № 94-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 13.01.2025 № 157-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
22-баптың тақырыбына өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 09.01.2026 № 256-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
22-бап. Тіл – байланыс және ақпараттандыру саласында
Қазақстан Республикасының шегінде байланыс саласында мемлекеттік тілдің және орыс тілінің қолданылуы қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге пошта-телеграф жөнелтілімдері белгіленген халықаралық қағидаларға сәйкес жүргізіледі.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
22-баптың екінші бөлігіне өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 09.01.2026 № 256-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ақпараттандыру объектілерінің меншік иелері мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға, мемлекеттік функцияларды орындауға және мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған ақпараттандыру объектілерін Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тілде, орыс тілінде және қажет болған кезде басқа да тілдерде құруға және айналысқа шығаруға міндетті.
Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда — ҚР 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5 тарау. Тiлдi құқықтық қорғау
23-бап. Тiлдi мемлекеттiк қорғау
Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiл және барлық басқа тiлдер мемлекеттiң қорғауында болады. Мемлекеттiк органдар бұл тiлдердiң қолданылуы мен дамуына қажеттi жағдай жасайды.
Тiлдiң дамуы мемлекеттiк тiлдiң басымдығын және iс қағаздарын жүргiзудi қазақ тiлiне кезең-кезеңмен көшiрудi көздейтiн Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк жоспарлау жүйесінің құжаттарымен қамтамасыз етiледi.
Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленедi.
Ескерту. 23-бапқа өзгерістер енгізілді — ҚР 20.12.2004 № 13 (01.01.2005 бастап күшіне енеді); 21.01.2013 № 72-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiледi); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
24-бап. Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары не аппараттардың басшылары, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
Лауазымды адамның мемлекеттiк тiлдi бiлмеу желеуiмен жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қабылдаудан бас тартуы, мемлекеттiк тiлдің және басқа да тiлдердің қолданылу салаларында олардың пайдаланылуына кез келген кедергi келтiру, сондай-ақ деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бойынша талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда — ҚР 21.01.2013 N 72-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiледi); өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2020 № 393-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
24-1-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Ескерту. 24-1-бап алып тасталды – ҚР 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
24-2-бап. Ономастика саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Ономастика саласындағы уәкілетті орган:
1) республикалық ономастика комиссиясының қызметін қамтамасыз етеді;
2) ономастика комиссияларының қызметін үйлестіреді;
2-1) облыстық ономастика комиссиялары және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары туралы үлгілік ережені әзірлейді және бекітеді;
2-2) осы Заңның мақсаты мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ономастика саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 5-тарау 24-2-баппен толықтырылды – ҚР 30.04.2021 № 34-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2025 № 157-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
25-бап. Тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Ескерту. 25-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 30.04.2021 № 34-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган:
1) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған негізгі бағыттары және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;
2) алып тасталды — ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) орталық мемлекеттік органдарда және олардың ведомстволарында, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарында Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
4) алып тасталды – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
5) тiлдердi дамыту саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi қызметтiң ақпараттық, әдiстемелiк қамтамасыз етiлуiн ұйымдастырады;
5-1) республикалық терминология комиссиясының қызметiн қамтамасыз етеді;
6) алып тасталды – ҚР 30.04.2021 № 34-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
7) алып тасталды — ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
7-1) осы Заңның мақсаты мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тілдерді дамыту саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 25-бапқа өзгерістер енгізілді — ҚР 20.12.2004 № 13 (01.01.2005 бастап күшіне енеді); 06.01.2011 № 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2011 № 452-IV (13.10.2011 бастап қолданысқа енгізіледі); 10.07.2012 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2013 № 72-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiледi); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.04.2021 № 34-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2025 № 157-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
25-1-бап. Ономастика комиссиялары
Ескерту. 25-1-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Уәкілетті органның жанынан – Республикалық ономастика комиссиясы, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының жанынан тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары құрылады.
1-1. Республикалық ономастика комиссиясының құзыретіне:
1) ономастика мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;
2) облыстарды, аудандар мен қалаларды атау, олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөнінде қорытындылар беру;
3) Қазақстан Республикасының аумағындағы мемлекеттік меншіктегі әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол станцияларына, метрополитен станцияларына, автовокзалдарға, автостанцияларға, физикалық-географиялық және басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ олардың атауын өзгерту, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға адамдардың есімдерін беру жөнінде қорытындылар беру;
4) қаладағы аудандарды, облыстық маңызы бар қалалардың құрамдас бөлiктерiн атау, олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөнінде қорытындылар беру;
5) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссияларының қаладағы аудандарды, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың құрамдас бөліктерін атау, олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі қорытындыларын келісу;
6) облыстық ономастика комиссияларының ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге атау беру, олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту жөніндегі қорытындыларын келісу;
7) облыстық ономастика комиссияларының аудандық маңызы бар қалалардың құрамдас бөліктеріне атау беру, олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту жөніндегі қорытындыларын келісу жатады.
2. Облыстық ономастика комиссияларының құзыретіне:
1) Республикалық ономастика комиссиясымен келісілгеннен кейін ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге атау беру, олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
2-тармақты 1-1) тармақшамен толықтыру көзделген – ҚР 04.12.2025 № 236-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
2) Республикалық ономастика комиссиясымен келісілгеннен кейін аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің құрамдас бөлiктерiне атау беру, олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру жатады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
3-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 04.12.2025 № 236-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссияларының құзыретіне Республикалық ономастика комиссиясымен келісілгеннен кейін – республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қаладағы аудандарына, құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру жатады.
4. Жергілікті өкілді және атқарушы органдар әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша шешімді тиісті ономастика комиссияларының оң қорытындылары болған кезде ғана қабылдайды.
Ескерту. 25-1-баппен толықтырылды — ҚР 20.12.2004 № 13 (01.01.2005 бастап күшіне енеді); өзгеріс енгізілді — ҚР 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
25-2-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органының құзыретi
Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2013.01.21 № 72-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiледi).
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы:
1) алып тасталды — ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
2) орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінің, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының және қаладағы аудан әкімі аппараттарының, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппараттарының Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасын сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
2-1) алып тасталды — ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
2-2) маңдайшаны республикалық маңызы бар қалада, астанада орналастыру туралы хабарламаларды «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қабылдауды және қарауды жүзеге асырады;
3) алып тасталды – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
3-1) алып тасталды — ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
4) мемлекеттiк тiлдi және басқа тiлдердi дамытуға бағытталған облыстық маңызы бар шаралар кешенiн жүзеге асырады;
5) облыстық ономастика комиссиясының, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ономастика комиссияларының қызметiн қамтамасыз етедi;
6) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 25-2-баппен толықтырылды — ҚР 20.12.2004 № 13 (01.01.2005 бастап күшіне енеді); өзгерістер енгізілді — ҚР 05.07.2011 № 452-IV (13.10.2011 бастап қолданысқа енгізіледі); 21.01.2013 № 72-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiледi); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2025 № 157-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
25-3-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органының құзыретi
Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы:
1) алып тасталды — ҚР 21.01.2013 № 72-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңымен;
1-1) маңдайшаны облыстық және аудандық маңызы бар қалада, ауылда, кентте орналастыру туралы хабарламаларды «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қабылдауды және қарауды жүзеге асырады;
2) мемлекеттiк тiлдi және басқа тiлдердi дамытуға бағытталған аудандық (облыстық маңызы бар қала) деңгейдегi iс-шараларды жүргiзедi;
3) облыстардың атқарушы органдарына ауылдардың, кенттердiң, ауылдық округтердiң атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi;
4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 25-3-баппен толықтырылды — ҚР 20.12.2004 № 13 Заңымен (01.01.2005 бастап күшіне енеді); өзгерістер енгізілді — ҚР 05.07.2011 № 452-IV (13.10.2011 бастап қолданысқа енгізіледі); 21.01.2013 № 72-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiледi); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2025 № 157-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
25-4-бап. Қазақстан Республикасы тіл туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау
Ескерту. 25-4-бап алып тасталды – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
25-5-бап. Ономастика жұмысының критерийлері
Қазақстан Республикасының аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне, әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру жөніндегі ономастика жұмысының критерийлері:
1) тарихи, географиялық, табиғи және мәдени ерекшеліктерді ескеру;
2) әдеби тіл және орфография нормаларына сәйкестік;
3) бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру;
4) жеке адамның есімімен аталған, ол берілген (өзгертілген) күннен бастап кемінде он жыл өткен соң берілген есімді қайта атау, оны өзгерту;
5) қаһармандық пен ерлік танытқан, мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға ерен үлес қосқан тұлғалардың есімдерін беру жағдайларын қоспағанда, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да адамдардың жеке есімдерін қайтыс болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң беру болып табылады.
Ескерту. 5-тарау 25-5-баппен толықтырылды — ҚР 21.01.2013 № 72-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiледi); өзгеріс енгізілді — ҚР 05.05.2017 № 60-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 289-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 94-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
25-6-бап. Тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік бақылауды жүргізу тәртібі
1. Тексерулер нысанындағы мемлекеттік бақылауды тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы жүргізеді.
Осы Заңның 25-бабының 3) тармақшасында және 25-2-бабының 2) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік органдар тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілері (бұдан әрі – тексерілетін субъектілер) болып табылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қатысты тексеру «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген талаптар сақталған кезде жүзеге асырылады.
Тексерулер мерзімді және жоспардан тыс болып бөлінеді.
Тексерулер тексерілетін субъектіге бару арқылы жүргізіледі.
2. Тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган бекіткен өлшемшарт, сондай-ақ мынадай ақпарат көздері:
1) алдыңғы тексерулердің нәтижелері;
2) есептілік пен мәліметтер мониторингінің нәтижелері;
3) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын талдау нәтижелері тексерілетін субъектіні мерзімді тексеру жүргізудің жартыжылдық жоспарына енгізуге негіз болып табылады.
Мерзімді тексерулер тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысы және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың әкімі бекіткен мерзімді тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарына сәйкес жылына бір реттен жиілетпей жүргізіледі.
Мерзімді тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспары мерзімді тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей және ағымдағы күнтізбелік жылдың 1 маусымынан кешіктірілмей бекітіледі және мерзімді тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 20 желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 20 маусымына дейінгі мерзімде интернет-ресурстарда орналастырылады.
Мерзімді тексеру жүргізудің жартыжылдық жоспары мыналарды қамтиды:
1) жоспардың бекітілген күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексерілетін субъектінің атауы;
4) тексерілетін субъектінің (объектінің) тұрған жері;
5) тексеру жүргізу мерзімдері;
6) жоспарға қол қоюға уәкілетті адамның қолтаңбасы.
Бақылау субъектісі таратылған, қайта ұйымдастырылған, оның атауы өзгерген немесе бақылау субъектілері арасындағы өкілеттіктер қайта бөлінген жағдайларда, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындаған, эпидемияның, карантиндік объектілер мен аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың таралуы, уланулар, радиациялық авариялар және соларға байланысты шектеулер туындаған немесе олардың туындау қатері төнген жағдайларда төтенше жағдай режимі енгізілген жағдайда мерзімді тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жүзеге асырылады.
Осы тармақтың бесінші бөлігінде көрсетілген жағдайлар басталған кезде мерзімді тексеру ұзартылуы не тоқтатыла тұруы мүмкін.
3. Жоспардан тыс тексеру:
1) жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен, Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының талаптарын бұзу туралы расталған жолданымдар болған кезде;
2) тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуына бақылау жүргізу мақсатында;
3) прокурордың тапсырмасы бойынша жүргізіледі.
Анонимді жолданымдар болған жағдайларда жоспардан тыс тексерулер жүргізілмейді. Жоспардан тыс тексеруге тексерілетін субъектілерге қатысты анықталған және жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған фактілер мен мән-жайлар жатады.
4. Тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органның және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының лауазымды адамының тексеру жүргізу кезінде:
1) осы баптың 8-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсеткен кезде тексеру нысанасына сәйкес тексерілетін субъектінің (объектінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
2) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 09.01.2026 № 256-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
2) құжаттарды (мәліметтерді) тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштерде не олардың көшірмелерін алуға, сондай-ақ тексеру нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қол жеткізуге;
3) аудио-, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
4) мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың және өзге де ұйымдардың мамандарын, консультанттары мен сарапшыларын тартуға құқығы бар.
5. Тексерілетін субъектілер не олардың уәкілетті өкілдері тексеру жүргізу кезінде:
1) мынадай:
тексеруді тағайындау туралы актіде (мерзімді ұзарту туралы қосымша акт болған кезде онда) көрсетілген, осы бапта белгіленген мерзімдерге сәйкес келмейтін мерзімдерден асып кеткен не олар өтіп кеткен;
осы баптың 8-тармағында көзделген құжаттар болмаған жағдайларда, тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органның және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының тексеру жүргізу үшін келген лауазымды адамын тексеруге жібермеуге;
2) тексеру нәтижелері туралы актіге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
6. Тексерілетін субъектілер не олардың уәкілетті өкілдері тексеру жүргізу кезінде:
1) тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органның және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының лауазымды адамының тексерілетін субъектінің (объектінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
2) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 09.01.2026 № 256-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
2) тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органның және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының лауазымды адамына құжаттарды (мәліметтерді) тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштерде не олардың көшірмелерін ұсынуға, сондай-ақ тексеру нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік беруге;
3) тексеруді тағайындау туралы, тексеру аяқталған күні тексеру нәтижелері туралы актіні алғаны туралы белгі қоюға міндетті.
7. Тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде тексеру жүргізіледі.
Тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілетті адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеру жүргізу үшін тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;
5) тексерілетін субъектінің атауы, оның тұрған жері;
6) тексеру нысанасы;
7) тексеру түрі;
8) тексеру жүргізу мерзімі;
9) тексеру жүргізу негіздері;
10) тексерілетін кезең;
11) тексерілетін субъект басшысының не оның уәкілетті адамының актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы;
12) актіге қол қоюға уәкілетті адамның қолтаңбасы.
Тексеру жүргізу кезінде тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы тексерілетін субъектіге тексеру жүргізу басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын тексеру жүргізудің нысанасын көрсете отырып, тексеру жүргізудің басталатыны туралы хабарлауға міндетті.
Тексерілетін субъектіге тексеруді тағайындау туралы актіні табыс ету күні тексеру жүргізудің басталуы болып есептеледі.
8. Тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органның және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының тексеруге келген лауазымды адамдары тексерілетін субъектіге:
1) тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлікті (сәйкестендіру картасын);
3) қажет болған жағдайда құзыретті органның режимдік объектілерге баруға рұқсатын көрсетуге міндетті.
9. Тексеру жүргізу мерзімі тексеру нысанасын, сондай-ақ алдағы жұмыстардың көлемін ескере отырып белгіленеді және он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Тексеру жүргізу мерзімі тек бір рет он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Ұзарту тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы басшылығының шешімімен жүзеге асырылады.
Тексеру жүргізу мерзімдерін ұзарту тексерілетін субъектіні хабардар ете отырып, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің күні мен нөмірі және ұзарту себептері көрсетіледі.
Тексеру мерзімдерін ұзарту туралы хабарлама мерзімін ұзартудан бір жұмыс күні бұрын тексерілетін субъектіге табыс етілгені туралы хабарламамен бірге табыс етіледі.
10. Тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдар тексеру нәтижелері бойынша тексеру нәтижелері туралы акт жасайды.
Тексеру нәтижелері туралы актінің электрондық нысандағы бірінші данасы өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға жіберіледі, екінші данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау және басқа да әрекеттер жасау үшін тексерілетін субъектіге (басшыға не оның уәкілетті адамына) қағаз жеткізгіште қолын қойғызып немесе электрондық нысанда табыс етіледі, үшінші данасы тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органда немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органында қалады.
11. Тексеру нәтижелері туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) соның негізінде тексеру жүргізілген тексеруді тағайындау туралы актінің (бар болса, мерзімді ұзарту туралы қосымша актінің) күні мен нөмірі;
4) тексеруді жүргізген адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
5) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеру жүргізу үшін тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;
6) тексерілетін субъектінің атауы, оның тұрған жері;
7) тексеру жүргізу мерзімі мен кезеңі;
8) тексерудің түрі мен нысанасы;
9) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар және олардың сипаты туралы мәліметтер;
10) Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасы талаптарының анықталған бұзушылықтарын жою туралы ұсынымдар;
11) актімен танысу немесе танысудан бас тарту туралы, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдар туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тарту туралы жазба;
12) тексеруді жүргізген лауазымды адамның қолтаңбасы.
Тексеру нәтижелері туралы актіге олар болған кезде тексеру нәтижелеріне байланысты құжаттар және олардың көшірмелері қоса беріледі.
12. Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда тексерілетін субъект оларды тексеру нәтижелері туралы актіні алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жазбаша түрде баяндайды. Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, бұл туралы тиісті белгі қойылады.
Тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы тексерілетін субъектінің тексеру нәтижелері туралы ескертулерін және (немесе) қарсылықтарын қарауға және он бес жұмыс күні ішінде уәжді жауап беруге тиіс.
Тексеру нәтижелері туралы актіні қабылдаудан бас тартылған жағдайда акт жасалады, оған тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адам және тексерілетін субъектінің басшысы не оның уәкілетті өкілі қол қояды.
Тексерілетін субъект бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме бере отырып, актіге қол қоюдан бас тартуға құқылы.
13. Тексерілетін субъектіге тексеру нәтижелері туралы актіні тексеруді тағайындау туралы актіде (бар болса, мерзімді ұзарту туралы қосымша актіде) көрсетілген тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірмей табыс етілген күн тексеру жүргізу мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.
14. Тексеру нәтижелері туралы актіні орындау мерзімдері оны орындаудың нақты мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайлар ескеріле отырып, бірақ тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен асырылмай айқындалады.
15. Тексеру нәтижелері туралы актіні орындау мерзімдерін айқындау кезінде:
1) тексерілетін субъектіде бұзушылықтарды жою бойынша ұйымдастырушылық, техникалық мүмкіндіктердің бар-жоғы;
2) мемлекеттік органдардан міндетті қорытындылар, келісулер және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген басқа да құжаттар алу мерзімдері көрсетіледі.
16. Тексеру нәтижелері туралы актіде белгіленген бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін тексерілетін субъект тексеру нәтижелері туралы актіде белгіленген мерзім ішінде тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпаратты беруге міндетті.
Анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат берілмеген немесе толық ұсынылмаған жағдайда тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеруді тағайындайды.
Анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ұсынылған ақпаратқа тексерілетін субъект бұзушылықтардың жойылу фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді (егер тексеру нәтижелері туралы актіде материалды беру туралы көрсетілсе). Бұл жағдайда жоспардан тыс тексеру жүргізу талап етілмейді.
17. Тексеруді жүзеге асыру кезінде тексерілетін субъектінің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда тексерілетін субъект тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған лауазымды адамға не сотқа Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
18. Егер тексеру жүргізу нәтижесінде тексерілетін субъектінің Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу фактісі анықталса, әкімшілік құқық бұзушылық құрамының белгілерін көрсететін жеткілікті деректер болған кезде тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының лауазымды адамдары өкілеттіктері шегінде бұзушылықтарға жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылдайды.
Ескерту. 5-тарау 25-6-баппен толықтырылды – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
26-бап. Осы Заңның орындалуын қамтамасыз ету
Ескерту. 26-бап алып тасталды – ҚР 20.12.2004 № 13 (01.01.2005 бастап күшіне енеді) Заңымен.
6 тарау. Тiлдi шет елдермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда пайдалану
27-бап. Тiл — халықаралық қызметте
Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi мен Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы өкiлдiктерiнiң қызметi мемлекеттiк тiлде, қажет болған жағдайда басқа да тiлдердi пайдаланып жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен екіжақты халықаралық шарттары Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде және тараптардың келісуі бойынша өзге де тілдерде жасалады.
Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен екіжақты халықаралық шарттары және Қазақстан Республикасының көпжақты халықаралық шарттары келіссөздерге қатысушы тараптардың келісуі бойынша айқындалған тілдерде жасалады.
Қазақстан Республикасында басқа мемлекеттер өкiлдерiмен өткiзiлетiн ресми қабылдаулар мен өзге де шаралар басқа тiлдерге аударылып, мемлекеттiк тiлде жүргiзіледi.
Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 30.01.2014 № 168-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
| Қазақстан Республикасының Президентi |
. Қазақстан Республикасында Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Қарқынды оқыту жөніндегі интерактивті оқыту жүйелерін, инновациялық-әдістемелік бейнесабақтар кешенін»; «Қазақ тілін оқытудың бастапқы лексикалық және грамматикалық минимумын»+мультимедианы; «Қазақ тілі» орта деңгейін (В2); «Қазақ сөзі» қазақ тілінің белсенді лексика-грамматикалық минимумының әдістемелік кешендерін (137, 500, 900, 1200, 1500 сөз), «Әдіскер анықтамалығын»; «Қазақ әдеби тілінің анықтамалығын»; «Әлеуметтік лингвистика» ғылыми-әдіснамалық құралы мен сөздігін; мемлекеттік қызметшілерге арналған қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздікті; «Шаңырақ» үстел лингвистикалық ойынын пайдаланады.
Бірқатар тіл орталықтары қазақ тілін оқытуда өздерінің бірегей әдістемелерін қосымша пайдаланады. Мәселен, Ақтөбе облысының Тілдерді дамыту басқармасы қазақ тілінің 5 деңгейі (А1-С1) бойынша «Оқылым» мәтіндер жинағын шығарды. Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша әзірленген «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешені (оқулықтар, дәптерлер, аудиодискілер) бірнеше жыл бойы еліміздегі тиімді оқу құралдарының бірі болып табылады.
Ересектерді қазақ тіліне оқыту курстарында дәстүрлі әдістермен қатар «Socrative», «Quizizz», «Quizlet», «Kahoot», «Padlet», «Playpozit», Thinglink» сияқты түрлі әлемдік онлайн-бағдарламалар қолданылады.
Тілді оқып-үйрету курстарына қатысушыларды жұмыста пайдалану үшін мемлекеттік тілді меңгеруге міндеттемейді. Оқу құралдарының сапасы әртүрлі. Сондықтан қажетті нәтижелерге қол жеткізу үшін тілді оқытудың тиімді әдістерін қамтитын осындай курстарды ұйымдастырудың оңтайлы жүйесін енгізу қажет.
Этностар арасында ана тілі мен мемлекеттік тілді оқып-үйренуге деген қызығушылықтың төмен деңгейі атап өтіледі, өңірлердегі жексенбілік мектептердің тілдерді оқытуды ұйымдастыруға қатысты насихаттау және үйлестіру жұмысы тиісті деңгейде емес. Сондықтан, аталған бағыттағы жұмысты барынша жандандыру қажет.
Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде меңгерудің төмен деңгейі қоғамда мемлекеттік тілді пассивті пайдалануға алып келеді. Сол себепті елімізде мемлекеттік тілді қолдану және үйрену жөніндегі шараларды жетілдіру талап етіледі.
Білікті оқытушы оқытудың жүйелі ұйымдастырушысы болып табылады. Алайда мәртебесінің анықталуына байланысты тілдерді оқыту орталықтарындағы мамандардың тұрақты жетіспеушілігі сияқты, бәсекеге қабілеттіліктің төмендігімен байланысты материалдық және басқа да проблемалар бар.
Орталық оқытушылары педагогтердің санатына жатпайды және оларға біліктілік санаты, магистр дәрежесі немесе ғылыми дәрежесі мен атағы үшін қосымша ақы төленбейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2020 жылдан бастап еліміздің педагог қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақысы жыл сайын 25 %-ға, мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы 35 %-ға көтерілді.
2022 жылы орталық қызметкерлерінің еңбекақысы салық пен аударымдарды ескермегенде, орта есеппен 90 мың теңгені құрады. Ресми деректерге сәйкес 2022 жылдың қорытындысы бойынша орташа жалақы мөлшері 312 мың теңгені құраса, ал орталықтар қызметкерлерінің еңбекақысы өзгеріссіз төмен деңгейде қалып отыр. Жоғарыда баяндалғандар тілдерді оқыту орталықтары оқытушыларының құқықтық мәртебесін бекіту және олардың жалақысын көтеру қажеттігін тудырады.
«ҚАЗТЕСТ» – Қазақстан Республикасы азаматтарының және республика аумағында әртүрлі қызмет түрлерімен айналысатын шетел азаматтарының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі. Ол халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерінің, атап айтқанда, TOEFL (Test of English as a Foreign Language), IELTS (International English Language Testing System), TÖMER (Türkçe Öğretim Merkezi), ТРКИ (шет тілі ретінде орыс тілі бойынша тест) сияқты жүйелердің қағидаттары мен талаптарына негізделген.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің, бюджеттік сала, мемлекеттік қызметтер көрсету саласы, ұлттық компания, әскери сала қызметкерлерінің «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша диагностикалық тестілеуден өтуіне, «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлердің, «НЗМ» ДБҰ қызметкерлерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясына, Президенттік жастар кадрлық резервіне, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының магистратура және докторантурасына, ЖЖБҰ докторантурасына түсуші үміткерлердің міндетті түрде сертификаттық тестілеуден өтуіне қол жеткізілді.
«НЗМ» ДБҰ-ға мұғалімдерді жұмысқа қабылдау немесе аттестаттаудан өту кезінде міндетті түрде «ҚАЗТЕСТ» жүйесінің сертификаты талап етіледі. Сертификат болған жағдайда зияткерлік мектеп мұғалімдерінің еңбекақысына үстемеақы көзделген. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясы қызметкерлерінің де аттестаттаудан өту барысында мемлекеттік тілді білуі және оны растауы міндеттелген. Осы бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасатын болады.
2022 жылы 16000 тест тапсырмасына ревизия жүргізіліп, қайта өңделді, диагностикалық тестілеуден 7464 мемлекеттік қызметші (2020 ж. – 2356, 2021 ж. – 8394 адам), 4536 бюджеттік сала (2020 ж. – 2644, 2021 ж. – 4021 адам) маманы өтті. Бұл көрсеткіш өте төмен. «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша мемлекеттік органдар мен ұлттық компания қызметкерлерінің қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау үшін тестілеуден ерікті түрде өтуі проблема болып отыр.
Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін меңгерудің ұлттық стандарты 2015 жылы бекітіліп, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген. «Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері» ұлттық стандартына сәйкес 16-дан 70 жасқа дейінгі аралықтағы ересектерге арналған қазақ тілін меңгерудің тақырыптық лексикалық минимумы әзірленді. Тіл үйрету, оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу процесінде аталған стандарт негізге алынбайды. Сондықтан тіл үйрету процесінде бірізділік пен сабақтастықты сақтау үшін бірыңғай жалпы мемлекеттік жүйені қалыптастыру қажет.
Мемлекеттік тілді үйренушілерді ынталандыру мақсатында тіл орталықтары оқытушыларының арасында А. Байтұрсынұлы атындағы республикалық конкурс, мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы», журналистер арасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ», үш тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілер арасында «Тіл шебері» республикалық конкурсы мен өзге ұлт өкілдерінің арасында «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы өткізіліп келеді.
«Шетелдіктерге қазақ тілін оқытудағы цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері» тақырыбында өткен халықаралық біліктілікті арттыру онлайн-семинарының жұмысына АҚШ, Германия, Испания, Польша, Түркия, Ресей, Иран, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерден 100-ге жуық адам қатысты.
Әдістемелік қамтамасыз ету жұмысында мынадай проблемалар бар:
қазақ тілін үйретудің ортақ жүйесі қалыптаспаған, сәйкесінше тіл үйретуде сабақтастық сақталмайды;
тіл үйретудің ғылыми әдіснамасы әзірленбеген;
қазақ тілі курсының тыңдаушыларынан оны жұмыста одан әрі міндетті түрде қолдану мақсатында тілді меңгеру талап етілмейді;
«ҚАЗТЕСТ» жүйесі мазмұндық тұрғыдан жетілдірілмеген;
тілдерді оқыту орталықтарының оқу-әдістемелік деңгейін және материалдық-техникалық базасын жақсарту талап етіледі;
тілдерді оқыту орталықтары оқытушыларының жалақысы өте төмен, бұл білікті кадрларды тартуға ықпал етпейді;
солтүстік өңірлерде тілдерді оқыту орталықтарының санын көбейту, барлық өңірлерде олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет;
мемлекеттік тілді оқытудың тиімді инновациялық тәсілдеріне негізделген заманауи оқу құралдары, IT-жобалар жеткіліксіз;
ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың мемлекеттік тілді үйренуі үшін жағдайлар көзделмеген, оқу әдебиеті қолжетімсіз, мамандардың тапшылығы байқалады;
әртүрлі мамандықтар мен кәсіптерге бағытталған мемлекеттік тілдегі оқу әдебиеттері жоқ.
3-тарау. Лингвистикалық жұмыс
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен реттеуде лингвистикалық жұмыстың маңызы айрықша. Оның сегменттері ғылыми-теориялық және практикалық мәселелердің спектрімен өзара байланысқан. Тілдік қатынастарды реттеуде тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал ететін ғылыми зерттеулердің нәтижелері кеңінен қолданылады. Мұндай мысалдарды тіл мен ғылымның терминология, лексикография, ономастика, әдеби тіл нормалары, әдістеме сияқты салаларынан көруге болады. Қай тілдің болмасын дамуы, сондай-ақ мемлекеттік тілдің толыққанды қызмет атқарып, кеңінен қолданысқа түсу деңгейі, оның рөлін арттыру ұлттық терминологияның дамуымен тығыз байланысты.
Еліміздің әлемдік кеңістікке шығуы, технологиялық, мәдени, ақпараттық қарым-қатынастар терминология саласына айрықша ықпал етеді. Соған орай тілдің терминологиялық жүйесі айтарлықтай дәрежеде жаңа ұғымдармен толықты.
Мемлекеттік тілдің дамуы ғылымның дамуымен тікелей байланысты.
Қазіргі кезеңде қазақ тілі ғылым тілі ретінде даму сатысында тұр. Оның негізгі себебі жаратылыстану және техникалық ғылымдардағы еңбектердің басым көпшілігі орыс тілінде болуына негізделеді, тиісінше, қазақ тіліндегі еңбектердің көбі – осы тілден аударылған еңбектер. Сондықтан қазақ тілін ғылым тілі ретінде жетілдіру тәсілдері қарастырылуға тиіс.
Қазіргі уақытта терминдердің бірыңғай электрондық базасына орналастырылған терминдер саны 383 мың бірліктен асады. Соның ішінде 1971 жылдан бері бекітілген терминдер – 35680 бірлік. 2022 жылы қоғамдық гуманитарлық бағыттағы бекітілген 6039 терминге мониторинг жасалды.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі (бұдан әрі – ҚР ҒЖБМ) жанындағы Республикалық терминология комиссиясы тұрақты негізде салалық терминдерді қарап, бекітеді. Комиссия бекіткен терминдер мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында қолданылады. Терминдерді бекітуге орталық мемлекеттік органдар жанынан құрылған салалық терминологиялық секциялар, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар ретінде түрлі кәсіби сала мамандары, жеке тұлғалар тартылады.
Комиссия шешімдерінің ұсынымдық сипатта болуы терминдерді біріздендіруге кедергі келтіріп отыр. Сондықтан бекітілген терминдерді мемлекеттік органдарда, меншік түріне қарамастан ұйымдарда дәйекті қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдау қажет. Осы бағыттағы жұмыс салалық терминология жөніндегі қызметті жүйелендірумен, тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органның терминология саласындағы жұмыстарды жүргізу жөніндегі құзыреттерін қараумен, нормативтік терминологиялық сөздіктерді әзірлеумен сүйемелденуге тиіс.
Мемлекеттік органдар мен мекемелерде іс жүргізу қазақ тілінде болғандықтан салалық терминологиялық сөздіктерге деген сұраныс мәселесі өзекті. 2000 жылы 31 томдық және 2014 жылы 30 томдық салалық қазақша-орысша және орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер жарық көрді. Соңғы сөздіктер сериясының әр томы 8-12 мың аралығында терминді қамтиды. Салалық терминологиялық сөздіктер қазақ терминологиясының, соның ішінде терминография саласының дамуына елеулі үлес қосқаны белгілі. Терминологиялық сөздіктерді біріздендіру және жалпы жүйелендіру үшін ғылыми негізделген автоматтандырылған жүйені құру проблемасы өзекті болып табылады. Бекітілген терминдерге мониторинг жасау, ғылыми негізделген терминологиялық базаны құру нәтижесінде терминдердің бірізді қолданысын қамтамасыз ететін, міндеті сипаттағы нормативтік терминологиялық сөздіктер әзірленуі тиіс.
Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуда сапалы ғылыми контенттің көлемін арттыру аса маңызды. «100 жаңа оқулық» жобасы іске асырылды. Оқулықтарды аударудың нәтижесінде қазақ тіліне көптеген жаңа ұғымдар мен олардың атаулары енді. Жаңа оқулықтар бойынша, атап айтқанда, әлеуметтану және бизнес саласы бойынша Республикалық терминологиялық комиссия 2022 жылы 516 терминді бекітті.
Жалпы 2018 жылдан бері Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясында астрономия, физика, философия, саясаттану, банк, ғарыш саласы, мәдениет, өнер, спорт, туризм, ұлттық қауіпсіздік, әскери іс, әдебиет, лингвистика, сәулет, құрылыс, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, биология бойынша 14450 термин (2020 ж. – 1476 термин, 2021 ж. – 2902 термин) бекітілді.
Ғылым тілінің дамуына ықпал ететін лингвистиканың тағы бір маңызды салаларының бірі – корпустық лингвистика. Бұны халықаралық деңгейде де байқауға болады. Мәселен, ағылшын, француз, чех, орыс және басқа тілдердің ұлттық корпустары бар. Тіл корпусы – статистикалық дәйекті ақпаратты жылдам табуға мүмкіндік беретін іздеу механизмімен жабдықталған, цифрланған мәтіндері арнайы белгілер көмегімен өңделген инновациялық ақпараттық-анықтамалық жүйе.
Ұлттық корпустар тілді ана тілі, екінші тіл немесе шет тілі ретінде оқыту үшін де маңызды. Бүкіл әлемде оқулықтар мен оқу бағдарламалары корпусқа бағдарланған. Ұлттық корпусты кәсібі бойынша қажеттілігі бар немесе тілдің құрылымы туралы білгісі келетін жұртшылық пайдаланады. Кез келген шетел азаматы, оқушы, мұғалім, журналист, редактор немесе жазушы корпусты қолдана отырып, бейтаныс сөзді немесе грамматикалық нысанды қолдану ерекшелігін тез және тиімді тексере алады.
Корпустағы деректер арқылы тілдің даму эволюциясы, оның лексика мен грамматикадағы, стильдегі ішкі өзгерістері, қолдану саласы туралы нақты ақпарат алуға болады. Бүгінгі таңда бұл ақпаратты іздеуді оңтайландыру, талдау, үлкен ауқымдағы материалдарды өңдеу, ресми статистикалық ақпарат алу үшін қажет.
ҚР ҒЖБМ әзірлейтін қазақ тілінің ұлттық корпусы qazcorpus.kz және qazcorpora.kz сайттарында орналасқан.
2022 жылдың қорытындысы бойынша А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген qаzcorpus.kz сайтында орналасқан корпустағы метабелгіленімдер саны 30 млн сөзқолданысқа жеткізілсе, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген qazcorpora.kz сайтындағы корпустың көлемі 13 млн сөзқолданысқа жеткізілді. Ұлттық корпус қорының ұлғаюы жоғарыда аталған мәселелерді шешуге негіз болып табылатындығынан, қор көлемін ұлғайту бойынша үздіксіз қарқынды жұмыс жүргізу қажет.
Жалпы лингвистикалық жұмысты тиісті деңгейде орындау тіл саясатының оңтайлы жүргізілуіне тікелей ықпал етеді.
Лингвистикалық жұмыс саласында мынадай проблемалар бар:
қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуеті толық ашылмаған;
жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы қазақ тіліндегі еңбектердің көбі орыс тілінен аударылған, олай болса, қазақ тілінде жазылған еңбектер санын көбейту қажет;
лингвистика салаларын цифрландыру бағыттары кеңейтілмеген (терминдердің электрондық базасын жетілдіру, салалық сөздіктерді реттеу, ғылыми негізделген терминологиялық базаны қалыптастыру, халықаралық тәжірибеге сәйкес корпустық лингвистиканы қалыптастыру);
кірме терминдерді игеру жолдарын жетілдіру қажет;
нормативтік терминологиялық сөздіктерді құрастыру жұмысын жүргізу қажет;
тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органның терминология саласындағы жұмысты үйлестіру жөніндегі құзыреті көзделмеген.
4-тарау. Деректемелер мен көрнекі ақпарат
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің бір тетігі – деректемелер мен көрнекі ақпаратты «Тіл туралы» Заңның нормаларына сәйкес орналастыру. Көрнекі ақпарат (баннерлер, бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткіштері) елдегі қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін факторлардың бірі болып табылады.
Тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымды әзірледі және облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне жолдады. Өңірлерде жыл бойы тәжірибе алмасу бойынша семинарлар, кеңестер, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары өткізілді.
Тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган әлеуметтік желілердегі, мессенджерлердегі (Whatsapp, Telegram) жарияланымдарға «Тіл туралы» Заңның 21-бабы нормаларының сақталуы тұрғысынан тұрақты түрде мониторинг жүргізді.
2022 жылы объектілер бойынша (жапсырма, көрнекі ақпарат, жарнама) 190 өтініш түсті. Түскен жолданымдар негізінде уәкілетті орган тарапынан жергілікті органдарға әдістемелік көмек көрсету бойынша ұсынымдар берілді. Жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты дер кезінде шаралар қабылдау жұмысын жүргізіп, нәтижесінде 92 объектідегі ақпараттың мәтіндерге түзету енгізілді және олар орфография нормаларына сәйкес келтірілді.
Жергілікті атқарушы органдар заңнама талаптарын түсіндіруге бағытталған іс-шараларды жұртшылық, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – «Атамекен» ҰКП) филиалдарының әлеуетін пайдалану арқылы кәсіпкерлер қауымдастықтары және басқа да үкіметтік емес ұйымдар арасында жүргізді.
Барлық өңірлерде көрнекі ақпарат мәтіндерінің орфографиялық нормаларға сәйкес бірізді жазылуын үйлестіру мақсатында тегін консультация беретін «жедел желі» (сall-center) жұмысы ұйымдастырылды.
Астана, Алматы қалалары, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері «Атамекен» ҰКП-ның жергілікті жерлердегі филиалдары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум негізінде жұмыс жүргізеді.
Соңғы екі жылда жүргізілген мониторинг нәтижесі бірқатар өзгерістер болғанын алғанын көрсетті. 2021 жылы көрнекі ақпаратты заңнама нормасына сәйкес келтіру мақсатында 12860-тан астам рейд, акция жүргізіліп, нәтижесінде 117773 көрнекі ақпарат объектілерінің 104400-і бойынша мәтінді заңнамаға сәйкес келтіру туралы ұсынымдар берілді.
2022 жылы 61059 көрнекі ақпарат зерделенді. Нәтижесінде 15764 көрнекі ақпаратта кемшіліктер анықталып, оның 14223-не түзету енгізілсе, 1541-не ұсынымдар берілді.
Ақпараттық сүйемелдеу бойынша республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының (бұдан әрі – БАҚ) беттерінде заң нормаларын түсіндіру жұмысы тұрақты түрде жүргізілуде. 2022 жылы өңірлердегі БАҚ-та және әлеуметтік желілерде Ақтөбе – 292, Қарағанды – 243, Түркістан – 182, Ақмола – 173, Қостанай облысында – 102 материал жарияланған.
Көрнекі ақпаратты орналастыруды жүзеге асыратын субъектілердің қызметіне жүргізілген талдау «Тіл туралы» Заңның 21-бабы нормаларының жиі бұзылатындығын көрсетті. Бұл бұзушылықтар деректемелер мен көрнекі ақпараттың тек бір тілде орналастырылуымен (әдетте, орыс тілінде), деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндері тең түпнұсқалылығының мағынасы мен мазмұны бойынша сәйкес келмеуімен, орфографиялық қателердің орын алуымен тығыз байланысты.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде және «Тіл туралы» Заңда жергілікті атқарушы органдардың деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде тіл заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу функциясы қарастырылмаған. Бұл функцияның болмауына байланысты көрнекі ақпарат мәтінінде орфографиялық нормалар және мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасын сақтап жазу нормасы бұзылуда. Осы ретте жергілікті атқарушы органдарға маңдайшалар мен сыртқы (көрнекі) жарнама мәтіндерін орналастыру кезінде кемшіліктерді болдырмаудың алдын алу мақсатында хабарлама тәртібін енгізу бойынша құзырет беру маңызды. Хабарлама тәртібін енгізу туралы түзетулер «Тіл туралы» Заңның 21-бабына енгізілген, атап айтсақ, тілдік нормаларды сақтау, көрнекі ақпарат саласындағы бұзушылықтардың және қоғамдық резонанстың алдын алу туралы жаңа норманың жазылуына ықпал етеді.
«Тіл туралы» Заң талаптарының орындалуын бақылау мәселелерінде жеке тұлғалардан түскен жолданымдардың маңызы зор. Бұзушылықтардың алдын алуда азаматтар бастамасы маңызды күшке айналып отыр. Осы ретте 2021 жылдан бастап азаматтардың бастамасына қолдау көрсету мақсатында «Сауатты жарнама – тіл абыройы» республикалық конкурсы өткізіліп келеді.
Көрнекі ақпарат пен деректемелер саласында мынадай проблемалар бар:
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде және «Тіл туралы» Заңда жергілікті атқарушы органдардың деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыруы бөлігінде тіл туралы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылау функциясы қарастырылмаған;
жергілікті атқарушы органдардың орналастырғанға дейін кәсіпкерлік субъектілерінің көрнекі ақпаратын таратуына ықпал ететін тілдік нормаларды сақтаудың, көрнекі ақпарат саласындағы бұзушылықтардың алдын алудың хабарлама тәртібі енгізілмеген;
жергілікті атқарушы органдар тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмейді.
5-тарау. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру
Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу қазақ тілінің төл табиғатына сай келетін жаңа орфографиялық нормаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осындай лингвистикалық қажеттілік қазақ тілінің халықаралық танымалдылығын арттырады, оны қазіргі заманғы технологияларға бейімдейді. Сонымен бірге түркітілдес халықтармен интеграцияға түсу айтарлықтай жеңілдейді.
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақала, «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығы, Мемлекеттік бағдарлама негізге алынды.
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық жұмыс тобының отырыстарында лингвистерден, ғалымдардан, азаматтардан келіп түскен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің 40-тан астам нұсқасы қаралды және ғылыми-сараптамалық жұмыс жүргізілді.
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, ЖОО және Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығының ғалымдары оқушылар, студенттер, магистранттар мен докторанттар, лингвистер және басқа да сала мамандары арасында әліпбиге қатысты апробация жүргізді.
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмысының барысында қазақ тілінің емле ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады. Латын графикасына негізделген қазақ орфографиясының негізгі ережелерінің жобасын әзірлеуде қолданыстағы ережелер және қазақ жазуының нормалары ескерілді.
Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасы жұртшылық арасында республика бойынша 5 млн-нан аса адамның қатысуымен және жан-жақты сараптама жүргізумен талқыланды.
Латын графикалы әліпбиді, әсіресе, түркітілдес халықтардың әліпбилерін әзірлеудің халықаралық тәжірибелері сарапталды.
Ғылыми және практикалық жұмыстардың нәтижесінде лингвист ғалымдар әліпби жобасын әзірледі, бұл 1991 жылы Ыстамбұл қаласында (Түркия) өткен «Қазіргі түркі әліпбиі» халықаралық симпозиумында ұсынылған жалпы түркі әліпбиінің қағидаттарына жалпы сәйкес келеді.
Жаңа әліпби негізіндегі ортологиялық кодификацияның басты лингвистикалық құралдары болып табылатын орфографиялық анықтағыштың және орфографиялық сөздіктің жобалары әзірленді. Орфографиялық сөздік қазіргі қазақ тіліндегі 114 мың сөздің, сөзтұлғаның және сөз тіркестер орфограммасын көрсететін кириллица және латын әліпбилеріндегі параллель сөздік түрінде дайындалды.
Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесінде мынадай проблемалар бар:
латынграфикалы қазақ әліпбиі мен емле ережелері тиісті нормативтік құқықтық актілермен бекітілмеген;
кейбір ғалымдар мен қоғам өкілдері арасында жекелеген графемаларды белгілеуге қатысты келіспеушіліктер бар;
латынграфикалы әліпбиді енгізу төңірегінде БАҚ-та оны қабылдаудың жағымсыз тұстары жөнінде субъективті пікірлер көп.
6-тарау. Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылау
«Тіл туралы» Заң елімізде тiлдердiң қолданылуының құқықтық негiздерiн, мемлекеттiң оларды оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай жасау жөнiндегi мiндеттерiн белгiлейдi, Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тiлге бiрдей құрметпен қарауды қамтамасыз етедi.
Тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган «Тіл туралы» Заңның 25-бабының 3) тармақшасына сәйкес орталық мемлекеттік және жергiлiктi атқарушы органдарда тiл туралы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес уәкілетті орган бекіткен тексеру парағының негізінде мемлекеттік органдарда жүргізілді.
Профилактикалық бақылау барысында қаржылық құжаттардың, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу құжаттарының, қызметтік жазбалардың түпнұсқада орыс тілінде әзірленетіні анықталды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы және осы Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың шеңберінде «Таза парақтан реттеуді» ендіру тапсырылды. Жолдауды іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты ендіру және iшкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 95-VII Қазақстан Республикасының Заңы әзірленіп, қабылданды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеуді іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірледі, бұл бақылауды жүзеге асыру жөніндегі салалық заңдарды, оның ішінде мемлекеттік органдарды тексеру тәртібін қарастыруға бағытталған, «Тіл туралы» Заңға енгізілетін бірқатар түзетулерді сәйкес келтіру жөніндегі нормаларды қамтиды.
Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылау мәселесінде мынадай проблемалар бар:
орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік тілдегі қаржылық құжаттаманың үлесі төмен;
орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда ішкі құжат айналымы орыс тілінде жүргізіледі, бұл мемлекеттік тілдегі құжат айналымы үлесінің төмендеуіне алып келді;
мемлекеттік сатып алу бойынша тиісті құжаттар орыс тілінде әзірленеді;
орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ресми сайттарына мемлекеттік тілдегі ақпарат уақтылы орналастырылмайды, бұл ретте материалдардың сапасы қамтамасыз етілмейді, сондай-ақ орыс тілінде орналастырылған ақпараттың көлемі қазақ тілінде орналастырылған ақпараттың көлемімен сәйкес келмейді немесе қазақ тіліндегі бөлімдерге орыс тіліндегі ақпарат орналастырылады.
7-тарау. Тіл қоғамдық қатынастар саласында
Тіл – үздіксіз дамып отыратын құбылыс. Қоғамдық қатынастар салаларында тілге қатысты қордаланған мәселелер көп екенін атап өткен жөн.
Білім беру жүйесінде
Білім беру ұйымдарындағы тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Тіл туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылады. Білім алушылардың ана тілінде білім алу құқығы тиісті білім беру ұйымдарын, сыныптарды, топтарды құрумен, сондай-ақ олардың жұмысымен қамтамасыз етеді.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіндегі мемлекеттік саясат мектепке дейінгі жастағы балалардың сапалы білім алуға қол жеткізуін қамтамасыз етуге және тең бастапқы мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Мектепке дейінгі ұйымдар (бұдан әрі – МҰ) желісінің жыл сайынғы өсуі байқалады. МҰ желісін талдау 2021 жылмен салыстырғанда 233 бірлікке ұлғайғанын көрсетті және 965204 баладан асатын контингентпен 2022 жылы 11104 бірлікті (2020 жылы – 10650 бірлік, 2021 жылы – 10871 бірлік) құрады. МҰ-ны, оның ішінде мемлекеттік тілде оқытатын топтарды құру басым бағыт болып табылады. МҰ-ның 66,9 %-ы қазақ тілінде тәрбие береді (2020 ж. – 65 %, 2021 ж. – 65,5 %). 7436 МҰ-да тәрбие процесі мемлекеттік тілде және аралас 2155 МҰ-да қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Оларда 742832 бала (76,9 %) қазақ топтарында (2020 ж. – 665169 (68,9 %), 2021 ж. – 700795 (72,6 %), 221047 (22,9 %) – орыс топтарында, 1325-сі (0,2 %) – басқа тілдерде тәрбиеленуде. Бұдан басқа, мемлекеттік тілді меңгеру мақсатында балалар педагогтің көмегімен күні бойы үлгілік бағдарламада айқындалған сөздік минимумын (жасы бойынша), сөйлеу қызметінің бірнеше түрінде ауызша сөйлеуді игеруі, сондай-ақ қазақ халқының мәдениетімен, әдет-ғұрпымен және салт-дәстүрімен танысуы, сөздік қорын байытуы тиіс, сөйлеу нормаларын және мәдени қарым-қатынас жасау мәдениетін де меңгеру ұсынылады.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес еліміздегі жалпы орта білім беру орта ұйымдарында оқыту қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік тілдерінде жүргізіледі. Меншік нысанына қарамастан барлық білім беру ұйымында білім алушылардың қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде білуі, сондай-ақ тиісті білім деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес орыс тілін және шет тілдерінің бірін үйренуі қамтамасыз етіледі.
2022 – 2023 оқу жылында жалпы білім беретін мектептер саны – 6909 мектеп (2020 ж. – 6957, 2021 ж. – 6941), оның 3743-ы (54,2 %) қазақ, 1055-і (15,3 %) – орыс, 2106-сы (30,5 %) аралас тілде, 5-і (0,07 %) – ұйғыр тілінде білім береді. Аталған мектептерде барлығы 3484139 оқушы білім алса, оның 2307960-ы (66,2 %) қазақ тілінде, 1077915-і (31,0 %) орыс тілінде, 98264-і (2,8 %) өзге тілдерде оқиды (2020 – 2021 оқу жылында барлығы – 3368702 бала, оның ішінде қазақ тілінде – 2223455 (66 %), орыс тілінде – 1041909 (30,9 %), ұйғыр, өзбек, тәжік тілдерінде – 103338 (3,1 %). Бұл жыл сайын қазақ тілінде, сондай-ақ ұйғыр, өзбек, тәжік тілдерінде білім алатын балалар санының өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Жалпы білім беру ұйымдарындағы ұлты қазақ балалар саны – 2815736 (80,8 %), оның ішінде орыс тілінде оқытатын мектептерде білім алатындар саны – 472026 (16,8 %). Бұл – әлі де болса ата-аналардың өз балаларының ана тілінде білім алуына бетбұрыс жасамауының дәлелі.
2022 – 2023 оқу жылында қазақ тілінде оқытатын 1-сыныпқа қабылданған білім алушылардың саны 70 %-ды құрады (2020 – 2021 оқу жылында – 62,4 %, 2021 – 2022 оқу жылында – 67,3 %). 1-сынып оқушыларының ең көбі – Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында. Ал қазақ тілінде оқытатын сыныптармен қамтудың жоғары көрсеткіші Қызылорда (91,4 %), Маңғыстау (85,7 %), Жамбыл (78 %), Түркістан (78,3 %) және Ұлытау (78,9 %), облыстарында тіркелді. Екі ірі мегаполисте – Астана (55,5 %) мен Алматы қалаларында (51,9 %) қазақ сыныбына барған балалардың үлесі салыстырмалы түрде орташа екендігі байқалады. Ал ең төмен көрсеткіш Қостанай (25,8 %), Солтүстік Қазақстан (22,8 %) облыстарына тиесілі.
Түлектер «Қазақ тілі» және «Орыс тілі» пәндері бойынша қорытынды аттестаттауды өткізу талаптарына сәйкес 9 және 11 (12) сыныптарда мемлекеттік емтихан тапсырады.
ТжКБ жүйесінде 772 колледжде 517337, оның ішінде 162 колледжде қазақ тілінде 72581, 73 колледжде орыс тілінде 17306, қалған 548 колледжде аралас тілдерде 427450 білім алушы оқиды.
ТжКБ жүйесінде қазақ тілінде білім алушылардың жалпы саны – 312519 (60,4 %) (2020 ж. – 278512, 2021 ж. – 289018); орыс тілінде – 203 400 (39,3 %) (2020 ж. – 195940, 2021 ж. – 198412); ағылшын тілінде – 1 323 (0,25 %) (2020 ж. – 1411, 2021 ж. – 1343); 95 (0,01 %) (2020 ж. – 97, 2021 ж. – 96) білім алушы ұйғыр тілінде білім алуда. Талдау қазақ тілінде білім алушылардың саны жыл сайын артып отырғанын көрсетті. Бұған техникалық және жұмысшы мамандықтар бойынша мемлекеттік тілде білім алушылар контингентінің жылдан жылға артуы дәлел болады.
Білім алушылар тілдік заңдылықтар негізінде қазақ тілін біле отырып, оны әртүрлі коммуникативтік ортада және салаларда сауатты пайдалану дағдыларын меңгереді. Бұдан басқа, 2021 жылдан бастап «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында қазақ тілін оқытудың үздік авторлық әдістемесі» республикалық конкурсы өткізіліп келеді. Іс-шара мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін арттыру және оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін топтарға қазақ тілін оқытудың үздік авторлық әдістемелерін айқындау мақсатында өткізіледі.
Республикада 119 ЖЖБҰ жұмыс істейді. 2022 – 2023 оқу жылында 182167 адам (2020 – 2021 оқу жылында – 172 811, 2021 – 2022 оқу жылында – 179769 адам), мемлекеттік тапсырыс бойынша 69397 адам (2020 – 2021 оқу жылында – 59840, 2021 – 2022 оқу жылында – 64063 адам) қабылданды.
Білім беру гранттары және стипендиялық бағдарламалар бойынша стипендиялар Қазақстан Республикасының азаматтарына ұлтына қарамастан беріледі.
ЖЖБҰ-да 2022 – 2023 оқу жылында 626208 студент білім алуда, оның ішінде қазақ тілінде – 377 467 (60,3 %), орыс тілінде – 15516, ағылшын тілінде – 45380 студент (2020 – 2021 оқу жылында – 624263, оның ішінде қазақ тілінде – 373951 (64,8 %), орыс тілінде – 170 653, ағылшын тілінде – 31910 адам, 2021 – 2022 оқу жылында – 623839, оның ішінде қазақ тілінде 371123 (64,5 %), орыс тілінде – 166894, ағылшын тілінде – 37144 адам).
Білім беру саласында қазақ тілін дамытуға қатысты өзекті проблемалар бар. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес білім беру деңгейлері бойынша оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін мектептерде мемлекеттік тілді оқып-үйренуге жеткілікті түрде сағат саны бөлінген. Дегенмен мектеп түлектері мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде ғана меңгеріп шығады, себебі білім беру ұйымдарында тілдерді оқыту мәселесінде білім беру деңгейлері арасында сабақтастықтың жоқтығы байқалады. Соның нәтижесінде білім алушы мектепте алған білімі мен дағдысын ТжКБ мен ЖЖБҰ-ға түскенде тағы да қайталап оқуға мәжбүр болады. Осының бәрі басты себепті меңзейді – Қазақстанда мемлекеттік тілді оқытудың ортақ жүйесі қалыптаспаған.
Сонымен қатар ЖЖБҰ-да, әсіресе, инженерлік саладағы, әлеуметтік және экономикалық ғылымдардағы болашақ мамандар үшін қазақ тіліндегі оқулықтардың тапшылығы байқалады.
Жаратылыстану және техникалық мамандықтарға арналған оқулықтардың басым көпшілігі орыс тілінен аударылғандықтан, олардың сапасы туралы мәселе өткір болып тұр. Осы себепті аталған мамандықтарды таңдаған жастар орыс тілінде оқытатын топтарда оқуға басымдық береді. Демек, мемлекеттік тілде мамандар даярлау сапасын арттыру оқулықтардың сапасын арттырумен тікелей байланысты.
Ғылымда
Тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, тіл – дамуға жол ашатын ғылым. Жыл сайын тілдің негізінде ғылым тілін қалыптастыру айналдыру мақсатында мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі рөлін күшейтуге бағытталған жүйелі шаралар қабылдануда.
Тіл білімі саласында 2018 – 2021 жылдар аралығында гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 92 ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырылды, оның ішінде 47-і – іргелі, 45-і – қолданбалы.
2022 жылы гранттық қаржыландыру шеңберінде тіл білімі бойынша 32, әдебиет бойынша 7, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде тілтану бойынша 3 жоба іске асырылды.
2022 жылы 250 диссертация қорғалса, оның ішінде «Жаратылыстану» – 106, «Инженерлік-техникалық» – 69, «Әлеуметтік гуманитарлық» бағыттар бойынша – 75, жалпы қорғалған диссертациялардың 90-ы немесе 36 %-і ғана қазақ тілінде, орыс тілінде – 157 немесе 62,8 %-ы, ағылшын тілінде – 3 немесе 1,2 %-ы (2020 жылы қорғалған диссертациялардың саны – 156, оның ішінде қазақ тілінде 47 (30,1 %), орыс тілінде – 107 (68,7 %), ағылшын тілінде – 2 (1,2 %); 2021 жылы қорғалған диссертациялардың саны – 191, оның ішінде қазақ тілінде 81 (42,4 %), орыс тілінде 108 (56,5 %), ағылшын тілінде – 2 (1,04 %). Әкімшілік деректер қазақ тілінде қорғалған диссертациялардың үлесі төмен екенін көрсетті.
Уикипедия ашық энциклопедиясының бөлімдерінде 329 тілде
60442357 мақала енгізілген. Қазақ тіліндегі мақала саны – 232820, бұл бағытта қазақ тілі 45-орында. Қазақ тіліндегі контенттің сапасын арттыру қажет.
Қазақ тіліндегі ғылыми ақпарат көлемі мен сапасының артуы ұлттық сананы нығайтады. Бұл үшін ғылыми саладағы мәтіндер мемлекеттік тілде әзірленіп, осы ортадағы коммуникация мемлекеттік тілде жүзеге асырылуы тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдарында
Біздің еліміз егемендікке ие болғаннан бері әлемдегі маңызды саяси, экономикалық, әлеуметтік кеңістікке ие болды. Қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарды бүкіл әлемде танымал етуге БАҚ елеулі үлес қосты. Қазақстанның әлемдік өркениет алдындағы экономикалық, мәдени және әлеуметтік жағынан дамуы үшін оларды танытатын БАҚ-тың маңызы айрықша.
«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес БАҚ қызметі мемлекеттік және басқа тілдерде жүзеге асырылады. Мемлекет тіл туралы заңнамаға сәйкес БАҚ-тағы ақпаратты алу және тарату кезінде әркімнің ана тілін пайдалану құқығын қамтамасыз етеді.
Қажетті тілдік ортаны құру және мемлекеттік тілдің толыққанды жұмыс істеуі мақсатында теле-радиоарналар бойынша бағдарламалардың көлемі олардың меншік нысанына қарамастан, мемлекеттік тілдегі шығарылымы уақыт бойынша басқа тілдердегі бағдарламалардың жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс.
«Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасының Заңында отандық теле-радиоарналардың теле-радиобағдарламалары қазақ және басқа тілдерде таратылатыны, ал қазақ тіліндегі теле-радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемінің уақыт бойынша басқа тілдердегі теле-радиобағдарламалардың жиынтық көлемінен кем болмауы тиіс екендігі белгіленген. Сонымен қатар «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес еліміздің аумағындағы жарнама (мерзімді баспасөз басылымдарын, интернет-ресурстарды, ақпараттық агенттіктерді қоспағанда) қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде қолданылады.
Дәстүрлі БАҚ-та жарнама мен өзге материалдарды тарату кезінде тілдік теңгерімді сақтау заңнамалық түрде бекітілген.
Ұлттық идеяның генераторы – қазақтілді БАҚ. Бүгінгі жаһандану заманында ақпарат кеңістігінің негізгі бөлігі болып отырған қазақтілді газет-журналдардың, телеарналардың, радио мен Интернеттің алатын орны ерекше. Осылайша, мемлекеттік тілді жалпыхалықтық ортақ қолданыс тілі ретінде қалыптастырудың қайнар көзі қоғамдық санаға айтарлықтай әсер ететін БАҚ болып табылады.
2022 жылы республикадағы БАҚ-тың жалпы саны – 5407 (2020 ж. – 4655, 2021 ж. – 4998), оның ішінде тіркелген газет-журналдар саны – 3779, телеарналар – 194, радиолар – 85, ақпарат агенттіктері мен желілік басылым – 1062 (588 – ақпарат агенттігі, 474 – желілік басылым).
Отандық БАҚ саны – 5120 (2020 ж. – 4395, 2021 ж. – 4726), шетелдік БАҚ – 287 (2020 ж. – 260, 2021 ж. – 272), олардың ішінде қазақ тілінде – 710 (13,9 %), орыс тілінде – 858 (16,8 %), қазақ және орыс тілдерінде – 1969 (38,5 %), үш және одан көп тілде – 1583 (30,9 %). Бұл сандар мемлекеттік тілдегі БАҚ үлесінің төмен екендігін айғақтайды. Қызметін қазақ тілінде де, орыс тілінде де жүзеге асыратын БАҚ басымдыққа ие.
Қазақ тіліндегі БАҚ контентінің үлесі 2022 жылы 83 %-ды құрады
(2020 ж. – 74 %, 2021 ж. – 81 %), оның ішінде телеарналардағы контент – 77 %, баспа басылымдарда – 85% және интернет-ресурстарда – 87 %. Мемлекеттік тілдің коммуникативтік функциясының нығайғаны, мемлекеттік БАҚ-тағы, электрондық БАҚ-тағы контент үлесінің артқаны байқалады.
Мемлекеттік БАҚ эфирінде мемлекеттік тілдегі жаңа тележобалардың саны артты. Интернет-ресурстарда балалар мен жұртшылыққа қазақ тілін үйретуге арналған анимациялық фильмдер топтамасы әзірленіп, орналастырылды. Сонымен қатар «е-history.kz», «аdebiportal.kz», «el.kz», «baq.kz» секілді сайттарда қазақ тіліндегі материалдар заманауи форматтағы бейнежазбалар, аудиоподкастар түрінде оқырмандарға қолжетімді.
Зерттеудің нәтижелері респонденттердің 92 %-ы мемлекеттік тілді меңгергенін көрсетіп отыр. Сонымен бірге интернет-ресурстардан ақпарат алу үшін респонденттердің 53,3 %-ы орыс, 24,7 %-ы қазақ және орыс, 21,2 %-ы қазақ тілдерін пайдаланады. Көрерменнің, оқырманның, тыңдаушының мемлекеттік тілде сапалы және мазмұнды ақпарат алу үшін әртүрлі тақырыптардағы, бағыттар мен форматтардағы сұраныстарын қанағаттандыратын интернет-контентті құру және дамыту мәселесі өзекті болып отыр. Қазақтілді БАҚ көлемінің ұлғайғанына қарамастан, оны тұтынушылар санының әлі де аз болуына байланысты.
Ақпараттық технологияларда
Қазақстанның цифрлық трансформация арқылы тиімді мемлекеттік басқаруы бар, сенімді деректер негізінде шешім қабылдайтын, сондай-ақ цифрлық дәуірде инфрақұрылымды тиімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы іске асырылуда. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі (бұдан әрі – ҚР ЦДИАӨМ) Astana Hub технопаркімен бірлесіп ұйымдастырған қазақ тілін дамытуға бағытталған IT-стартаптардың Qaz Startup Battle-да 13 ІТ-компания өз өнімдерін ұсынды. Соның ішінде қазақ тіліндегі жазбаша мәтінді тану бағдарламасы, қазақ тіліндегі онлайн-курстар платформасы, шетелдік шығармалардың қазақша аудиожазбаларына арналған қосымшасы, қазақстандық авторлардың аудиокітаптары мобильдік қосымшасы, қазақтілді аудиторияға ағылшын тілін үйрету сервисі ұсынылды.
ҚР ЦДИАӨМ бастамасымен IPhone смартфонының жаңа iOS 16 операциялық жүйесіне қазақ тілі автотүзету функциясымен енгізілді. Ол 2019 жылы ресми түрде тізімге енгізілсе, енді жасанды интеллекттің автоматты түрде түрлендіру функциялары іске қосылды.
2022 жылы әлем бойынша интернет қолданушылардың жалпы саны 4,9 млрд адамды құрады, бұл әлем халқының үштен екісі Интернетті қолданатынын білдіреді. Қазақстандағы цифрландыру және Интернетпен қамту көрсеткіштері де жоғары. 2022 жылғы Internet Accessibility Index жаңа рейтингісінде Қазақстан ең төмен интернет-тарифтер бойынша 8-орынға ие болды. Яғни елімізде мобильді интернетпен қамту деңгейі жоғары. Internet Accessibility Index есебінде Қазақстанның телекоммуникация секторы Орталық Азиядағы ең озық секторлардың бірі екені атап өтілген.
Елдегі бес тұтынушының төртеуі дербес компьютерді, смартфонды, планшетті, ноутбукті, сондай-ақ стандартты бағдарламаларды пайдалану және қызметтер мен сервистерді Интернет арқылы алу дағдыларын меңгерген. 6 жастан асқан қазақстандықтардың цифрлық сауаттылық деңгейі 2021 жылы халықтың жалпы санының 85,3 %-ын құрады. Бұл көрсеткіш IT-саласын дамытуға кең мүмкіндіктер береді.
Тіл үйретуде заманауи техника мен технологиялардың мүмкіндіктерін пайдаланудың маңызы зор. Бұл ретте арнайы электрондық порталдар мен сайттарды, мобильдік қосымшаларды, дауыстық көмекшілерді пайдаланған жөн. Қазіргі уақытта қазақ тілін үйретуге және мемлекеттік тілде ақпарат алуға арналған 13 IT жоба қолданысқа енгізілді («Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Tilqural.kz», «Abai.institute», «Тermincom.kz», «Emle.kz», «Sozdikqor.kz», «Qazcorpus.kz», «Qazcorpora.kz», «Qujat.kz», «Atau.kz», «Qazlatyn.kz», «Tilalemi.kz»), бұл сайттар мен порталдар көпшілікке қолжетімді.
Бұл жобаларды ұлттық компаниялардың, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне, балабақша, мектеп, колледж педагогтеріне, ЖОО оқытушыларына таныстыру жүргізілді. IT жобалардың таныстырылымына 30 мыңнан аса адам қатысты. Олардың жалпы қаралымы қазіргі уақытта 18 млн-нан асты. Сонымен қатар мәтінді қазақ тіліндегі тілдік ережелерге сәйкес дұрыстығын тексеруге мүмкіндік беретін «Qazgramma» платформасының алгоритмі әзірленді. Портал «Qrammarly», «Тext.ru», «Languagetool.org» сияқты халықаралық IT технологиялардың негізінде әзірленетін болады. «Qazgramma» платформасы қазақ тіліндегі мәтіннің тілдік нормаларын сақтай отырып, қателерді түзетуге, сайттарды талдауға және құжаттарды стиль бойынша тексеруге, орфографиялық, орфоэпиялық, пунктуациялық, грамматикалық қателерді анықтауға мүмкіндік беретін болады.
«Abai.institute» онлайн-платформасы – отандық және шетелдік мекемелер арасында қазақ тілін насихаттайтын, шетелдегі қазақ диаспора өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне мүмкіндік беретін жоба. Әлемнің
8 елінде (АҚШ, Мажарстан, Германия, Иран, Түркия, Ресей, Моңғолия, Франция) қазақ тілінің онлайн және офлайн-курстары өткізілді.
Шетелдегі қазақ диаспорасына арналған «Қазақ тілі» (А1, А2, В1, В2 деңгейлері) әмбебап оқулықтары әзірленді. «Қазақ тілі» басылымының деңгейлері бойынша электрондық нұсқасы платформаға орналастырылды.
Бүгінгі күннің талаптары мен шындығын ескерсек, қолданыстағы ІТ жобалардың саны жеткіліксіз екенін мойындау қажет. Осы тұрғыда тілдерді үйрену және қолдану процестерін жетілдіру мақсатында әлемде танымал қосымшалардың тәжірибесін пайдаланып, заманауи ақпараттық технологиялардың сапасын арттыру қажеттілігі туындап отыр.
Осы жұмысты жандандыру мақсатында «Microsoft Kazakhstan» жауапкершілігі шектеуші серіктестігімен (бұдан әрі – «Microsoft Kazakhstan» ЖШС) қазақ тілін халықаралық ақпараттық кеңістікке енгізу мәселесі (оның ішінде қазақ тіліндегі сөйлеу синтезін енгізу) бойынша келіссөздер жүргізіліп, ҚР ҒЖБМ мен «Microsoft Kazakhstan» ЖШС арасында меморандумға қол қойылды.
Қаржы секторында
Ресми статистикалық ақпарат бойынша елімізде екінші деңгейдегі 21 банк жұмыс істейді, шетелдік банктер саны – 9. Екінші деңгейдегі банктер негізінен төлемдер жүргізіп, салымдар қабылдайды, кредиттік және басқа да қаржылық операцияларды орындайды, яғни халыққа тікелей қызмет көрсетеді.
Азаматтардың басым бөлігі банкке жүгіну кезінде терминалдар мен банкоматтардың қызмет көрсету тілі ретінде қазақ тілін таңдай бермейтінін практика көрсетіп отыр. Бұл мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге кері әсерін тигізіп отыр. Банктер өздері ұсынатын әрбір көрсетілетін қызмет түрі бойынша, оның ішінде банкоматтардағы қазақ тіліне сұраныс бойынша да статистика жүргізіп отырады. Терминалдар мен банкоматтарда міндетті түрде қазақ тіліндегі батырмаларды пайдалану үшін барлық жағдай көзделген.
Қазақ тіліне қатысты мәселелерде әрбір азамат күнделікті өмірде өзінің заңды құқықтарын талап етіп отырса, бұл саладағы кемшіліктер сөзсіз жойылатыны анық. Қаржы және банк саласының мекемелерінде мемлекеттік тілде қызметтер көрсетуді және ақпарат алуды талап ету қажет. Бұл қазақ тіліне деген сұраныс пен оны мойындау бар екенін көрсетеді, тиісінше осы проблемада нәтижеге алып келеді.
Тіл қоғам өмірінің барлық саласымен тығыз байланыста дамығанда ғана оның қолданыс аясы кеңейіп, мәртебесі одан әрі артатын болады. Қазақстандық қоғамның бүгінгі даму кезеңінде мемлекеттік тілдің шынайы ахуалын дұрыс бағамдап, соған сай ден қою барлық салада оның қолданыс деңгейін арттырудан басталуы қажет.
Бизнес саласында
Қоғамда экономикаға, бизнеске деген жоғары қызығушылық байқалады, жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтар саны артып келеді.
Елімізде отандық бизнестің Қазақстан Республикасының Үкіметімен және мемлекеттік органдармен байланысын белгілеу мақсатында шағын, орта және ірі бизнестің мүдделерін білдіретін және құқықтарын қорғайтын «Атамекен» ҰКП жұмыс істейді.
«Атамекен» ҰКП республика бойынша 1,4 млн кәсіпкерді біріктіреді.
Мемлекеттік тілді экономика тілі ретінде дамыту өзекті проблема болып табылады. Кәсіпкерлік саласында қазақ тіліндегі ақпарат едәуір шектеулі. Бүгінгі күні еліміздегі экономика мен бизнестің негізгі тілі – орыс тілі. Интернет-ресурстардың қазақтілді контенті негізінен орыс тілінен аударылған материалдарды қамтиды, атап айтқанда, кәсіпкерлерге арналған экономика, бизнес тақырыбындағы ақпараттық-сараптамалық материалдар, сала мамандары мен көшбасшыларының сұхбаттары, басқа да қажетті деректер негізінен орыс тілінде жарияланады.
Экономика, бизнес саласында қазақ тіліндегі терминдер бірізділікке түспеген. Мұның бір себебі терминдерді қалыптастыру мәселесінде дәйектіліктің болмауына және сол бір терминнің бірнеше нұсқада қолданыла берілуіне негізделеді.
Мәдениет саласында
Тіл – мәдениет сегменттерін танытушы құрал ғана емес, ұлттық мәдениеттің тірегі де. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті негізінен тілде көрініс тапқан. Осы орайда тіл – ұлттық мәдениетіміз сақталған негізгі көздердің бірі.
Елімізде 22 қазақ, 12 орыс, 3 аралас, 1 кәріс, 1 неміс, 1 өзбек және 1 ұйғыр театрлары жұмыс істейді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің (бұдан әрі – ҚР МАМ) деректеріне сәйкес 2022 жылы осы театрлардың репертуарында барлығы 2573 қойылым (2020 ж. – 2093, 2021 ж. – 2236), оның ішінде қазақ тілінде 1610 (62,5 %) (2020 ж. – 1161 (55,5 %), 2021 ж. – 1456 (65,1 %), орыс тілінде 797 (30,1 %) (2020 ж. – 955 (45,6 %), 2021 ж. – 891 (39,8 %), және басқа тілдерде 166 (6,4 %) (2020 ж. – 166 (8 %), 2021 ж. – 154 (7 %) қойылым көрсетілді. Талдау театрларда қазақ тіліндегі қойылымдарға басымдық берілгенін көрсетті.
2022 жылы қазақ тілінде 28 фильм, оның ішінде 5 анимациялық фильм түсірілді.
«Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының Заңында республика аумағына əкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен бірге көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көзделді. Бұдан басқа, аталған Заңда фильмдерді прокаттау тілі мәселесіне ерекше көңіл бөлінген, ұлттық фильмдер прокаттау кезінде қазақ тіліне және қажеттігіне қарай басқа тілдерге де аударылуы мүмкін. Ал басқа фильмдерді (шектеулі прокатты қоспағанда – олар аударылмайды) қазақ тіліне аударудың үш нұсқасы – дубляждау, субтитрлеу немесе кадрдан тыс аударма көзделген. Бұл – халықаралық практика. Қытайда, АҚШ-та барлық фильмдерді аудиторияның тілінде субтитрлермен ұсыну міндетті шарт болып табылады. Бұл – ең қолайлы және тиімді механизмдердің бірі.
Өскелең ұрпақтың ана тілінде дүниетанымын кеңейтіп, жан-жақты дамуы үшін көркем әдебиеттің маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда кітап қорын көбейтуге, көркем туындылардың көптеп жарық көруіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді.
Елімізде мектеп жасындағы балаларға арналған жалпы кітапхана қоры 267 млн-нан астам дананы құрайды. Кітапханалар қоры негізінен кеңестік кезеңдегі идеологиялық жағынан ескірген басылымдардан тұрған. Қазіргі заманғы көркем әдебиет, оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттің үлесі аз екені анықталып отыр. Осы олқылықтың орнын толықтыру мақсатында мектеп кітапханалары 2021 – 2022 оқу жылында қазақстандық, сондай-ақ әлемдік әдебиет туындыларынан тұратын 2,5 млн дана әдебиетпен толықтырылды. Жаңадан келіп түскен әдебиеттің 51 %-ы қазақ тілінде. Балалар мен жасөспірімдер арасында оқу мәдениетін дамытудағы кітапханалар қызметін ұйымдастырудың жаңа әдістері әзірленіп, мәдениет саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасында оқырмандарды кітапханаларға тарту және оқуды насихаттау жөніндегі 2021 – 2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.
2022 жылы 188 аталым бойынша жалпы таралымы 506 мың данамен (2020 ж. – 313 аталым бойынша 891500 дана, 2021 ж. – 125 аталым бойынша 375 мың дана), оның ішінде «Балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиет» сериясымен 23 басылым (2020 ж. – 7 аталым 27 мың дана, 2021 ж. – 40 аталым 120 мың дана) жарыққа шығарылып (кітаптардың 95 %-ы қазақ тілінде), республикалық, облыстық мемлекеттік кітапханаларға таратылды. 188 аталымдағы әдебиеттердің электрондық нұсқасы Ұлттық академиялық кітапхана жанынан құрылған қазақстандық электрондық кітапхана базасына жүктелді. Барлық оқырмандарға қолжетімді, тегін қызмет көрсетіледі.
Бүгінгі таңда балаларды заман талабына сай әдебиеттермен қамтамасыз ету аясында 2022 жылдан бастап ұйымдастырылған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы» және «Үздік комикс» номинациясы, сондай-ақ 2023 жылы берілетін қазақстандық жас жазушылар мен ақындарға арналған арнаулы Президенттік әдеби сыйлығында «Балалар әдебиеті» номинациясы енгізілді. Бұл болашақта әлемдік деңгейдегі әдебиет туындыларының жасалуына септігін тигізеді.
Елімізде 0-8 жастағы балалар аудиториясына арналған тұңғыш әрі жалғыз «Balapan» балалар телеарнасы 100 % қазақ тілінде хабар таратады. «Balapan» телеарнасы Disney, Dream Works, КЛР, ZDF және басқа компаниялардан әлемдік деңгейдегі түрлі анимациялық материалдар сатып алуды жүзеге асырып, барлық контент телеарнаның Youtube каналына жүктелді.
«Balapan» телеарнасы 2018 – 2022 жылдар аралығында, яғни кейінгі 5 жылда орташа есеппен алғанда 7575 минуттық анимациялық контент әзірледі. Ал шетелдік компаниялардан 77150 минуттық анимациялық фильмдер сатып алынып, дубляждалған.
2022 жылы телеарна 23 тележоба шығарды (оқу-танымдық, шытырман оқиғалы, ойын-сауық жанрындағы 11 мультсериал, 12 тележоба), 22 шетелдік анимациялық жобаны қазақ тіліне аударды. Қазақ тіліндегі бес анимациялық өнімді шетелдіктер сатып алып, АҚШ-та және Латын Америкасы елдерінде ағылшын, испан және португал тілдерінде көрсетіледі. Бұдан басқа, «Balapan»-ның анимациялық жобалары: «Күлкі іздеген Күнекей», «Сәби», «Еркелер» мультсериалдары IVI платформасына жүктелді. TiJi, Nickelodeon мультфильмдерін қазақша сөйлету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
2022 жылы ҚР МАМ қазақ тіліндегі 25 заманауи анимациялық фильм шығарды (2020 ж. – 0, 2021 ж. – 3). 849 серияны құрайтын қазақ тіліндегі анимациялық фильмдер Youtube видеохостингіне орналастырылды.
«Balapan» телеарнасы 0-8 жас аралығындағы балалар аудиториясын қамтыса, 8-14 жастағы балалар аудиториясы орыс немесе шетелдік контентке негізделген YouTube арнасына және әлеуметтік желілерге тәуелді болып отыр. Орыс тіліндегі контентті пайдалану бала тілінің қалыптасуы кезінде ұлттық құндылықтан қол үзуіне алып келеді. Технологияның қарыштап дамуы балалар аудиториясына арналған қазақтілді контентті дамытудың жаңа жолдарын қарастыруды талап етеді.
Елімізде 1062 ақпараттық агенттік және желілік басылым (588 – ақпараттық агенттіктер, 474 – желілік басылым) тіркелген (2020 жылы ақпараттық агенттік (бұдан әрі – АА) және желілік басылымдар (бұдан әрі – ЖБ) саны – 685, оның ішінде 404-і – АА, 281-і – ЖБ; 2021 жылы АА және ЖБ саны – 853, оның ішінде 484-і – АА, 272-і – ЖБ).
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша 6-15 жас аралығында Интернет желісін пайдаланушылардың үлесі 2021 жылмен (91,5 %) салыстырғанда 2022 жылы 0,8 %-ға артып, 92,3 %-ды құрады. Соңғы екі жылда елімізде интернетті пайдаланушылар 8,1 %-ға артты.
Зерттеудің нәтижелері бойынша қазақстандық сайттар шетелдік сайттарға қарағанда (14,9 %) көбірек танымал және сенімді (33,3 %), қазақстандықтардың 39,1 %-ы республикалық арналарды негізгі ақпарат көздерінің бірі деп санайды.
Мемлекеттік тілді интернет кеңістігінде бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие тілдердің қатарына енгізу жұмысы жүргізілуде. Мәселен, Microsoft өнімдерінде қазақ тіліндегі нұсқасы қарастырылған. «Steam» цифрлық дүкеніне қазақ тіліндегі ойындарды іздеу функциясы қосылды, TikTok әлеуметтік желісі де қазақ тілінде қолжетімді.
Зерттеудің нәтижелеріне сәйкес респонденттердің 68,5 %-ы Интернетте қазақ тіліндегі ақпарат жеткілікті деп есептейді. Интернеттен ақпарат алу қазақ тілінде 21,2 %-ды, қазақ және орыс тілдерінде 24,7 %-ды, орыс тілінде 53,3 %-ды, ағылшын тілінде 0,8 %-ды көрсеткен.
Сонымен қатар Қазақстанның интернет-қауымдастығының деректері бойынша қазіргі уақытта Қазнетте қазақ тіліндегі сайттардың саны қазақстандық сайттардың жалпы санының шамамен 12 %-ын құрайды. Жыл өткен сайын жаңа қазақтілді ресурстар, оның ішінде қазақ тіліндегі энциклопедиялар, танымдық әдебиеттер пайда болуда, БАҚ-тың электрондық нұсқалары дамуда, түрлі семинарлар, конференциялар, тренингтер, конкурстар өткізілуде, алайда интернет-қоғамдастықтың пікірінше мемлекеттік тілдегі контенттің қолданыс аясын және оны танымал етудің сапасын кеңейтудің жаңа тәсілдерін іздеу қажет.
Мемлекеттік тілдің қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылу мәселесі бойынша мынадай проблемалар бар:
ЖЖБҰ-да қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер жеткіліксіз;
қазақ тіліндегі интернет-ресурстардан ақпарат алушылардың үлесі төмен, Интернеттегі қазақ тіліндегі контентті дамыту қоғамның сұраныстарына сай келмейді, халық арасында мемлекеттік тілді жаңа тренд ретінде, әсіресе жас ұрпақ арасында еркін меңгеруді қалыптастыру бойынша жұмыс көзделмеген;
контент тасымалдаушы ретінде қазақтілді БАҚ-тың таралу үлесі төмен;
бизнес саласына арналған сөздіктер, анықтамалықтар мен нұсқаулықтардың таралымы аз;
бизнес саласындағы терминдер біріздендірілмеген;
хабарландырулардың, жарнаманың, прейскуранттардың, баға көрсеткiштерiнің, мәзірлердің, нұсқағыштардың қазақ тіліндегі нұсқаларының болмауы.
3-бөлім. Халықаралық тәжірибеге шолу
Халықаралық кеңістікте тіл саясаты демографиялық, тарихи-этникалық және саяси жағдайларға байланысты жүргізіледі. Тіл халықтың ділін, мәдениетін, дүниетанымын қалыптастыратын және мемлекет ішіндегі негізгі қоғамдық, саяси, мәдени қатынас құралы болғандықтан, барлық елдерде оған айрықша мән беріледі. Сондықтан да тіл – мемлекеттік және ұлттық саясаттың маңызды бағыты.
Жалпы әлемдегі тіл саясаты алуан түрлі және демографиялық, саяси жағдайларға байланысты болып келеді. Мысалы, әлемнің 100-ден астам мемлекеті тек бір тілге басымдық береді. Олар – негізінен Мажарстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Румыния, Тунис, Чехия сияқты моноұлтты мемлекеттер. Сонымен бірге көпұлтты мемлекеттерде де заң арқылы бір тілге басымдық беріледі. Мысалы, Латвия, Пәкістан және тағы басқа бірқатар мемлекеттер. Посткеңестік елдердің басым көпшілігінде, атап айтқанда, Арменияда, Әзербайжанда, Грузияда, Литвада, Молдовада, Өзбекстанда, Ресейде, Тәжікстанда, Түрікменстанда, Украинада, Эстонияда ресми тіл ретінде бір тіл бекітілген.
Тіл саясатында Қазақстан Республикасы үшін, әсіресе, посткеңестік елдердің тәжірибесі жақын әрі қолайлы, себебі жаңадан тәуелсіздік алған республикалар мемлекеттік құрылым қалыптастыруда саяси, қоғамдық мәселелермен бірге тіл саясатының негізгі бағыттарын айқындайды. Тіл – тұтас мемлекеттің ішкі және сыртқы қатынастарын айқындайтын ең маңызды атрибут. Сол себепті тілдің саяси, қоғамдық және рухани қатынастардағы маңызы айрықша.
Посткеңестік елдерде тілдерге ұлттық мәртебе берілуінің мынадай себептері бар. Біріншіден, қазақ тіліне ерекше мәртебе беру арқылы ұлттық, мемлекеттік сананы жаңғырту; екіншіден, демографиялық ахуалға байланысты саны жағынан көпшілікті құрайтын ұлттың тіліне басымдық беріледі.
Тіл туралы заңнаманың толық орындалуын жүзеге асыру үшін ресми шаралар қабылданады. Мысалы, Әзербайжан Республикасында 2003 жылы
2 қаңтарда мемлекеттік тілді қолдану туралы «Әзербайжан Республикасындағы мемлекеттік тіл туралы» және 2003 жылы 27 қыркүйекте мемлекеттік тіл туралы заңның орындалуын қамтамасыз ету туралы «Әзербайжан Республикасындағы мемлекеттік тіл туралы» Президенттің екі жарлығы шықты.
Өзбекстан Республикасында мемлекеттік тілдің жұмыс істеуін күшейту үшін 2020 жылы «Өзбек тілін одан әрі дамыту және елдегі тіл саясатын жетілдіру шаралары туралы» Президенттің жарлығы шыққан, бұл мемлекеттік тіл ретіндегі өзбек тілінің қолданысын күшейтуді көздейді, 2020 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілген.
Қазақстандағы демографиялық ахуал, азаматтардың мемлекеттік тілді толық меңгермеуі, қазақ және орыс тілдерінің тең қолданылуы үйлесімді тіл саясатын іске асыруды талап етеді.
Еліміздегі тілдік ахуалды және халықаралық тәжірибені ескере отырып, қолданыстағы «Тіл туралы» Заң баптарының орындалуы бойынша жұмыс жүргізілді.
Қазіргі ақпараттық дәуірде тілдерді үйрету, терминология, орфография және басқа салалар цифрлық форматқа көшірілуде. Ағылшын, жапон, испан, қытай, француз сияқты әлемдегі жетекші тілдер осыны көрсетеді. Мұндай шаралар посткеңестік елдерде де кеңінен қолданылып отыр. Мысалы, Әзербайжан Республикасында «Әзербайжан тілін жаһандану жағдайында дәуірдің талаптарына сәйкес қолдану және елдегі тіл білімін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама туралы», «Әзербайжан тілін электрондық кеңістікте кеңінен қолдануды қамтамасыз ету шаралары» сияқты ресми құжаттар қабылданған. Өзбекстанда қабылданған тіл тұжырымдамасы шеңберінде мемлекеттік тілді заманауи ақпараттық технологиялар мен коммуникацияларға енгізу проблемасы қойылған. Сондай-ақ жалпы халықаралық кеңістікте, оның ішінде посткеңестік елдерде де тіл корпустарын әзірлеу қарқынды түрде жүргізіліп келеді.
Қазіргі кезеңде қазақ тілінің орфографиясын жүйелеу аса маңызды. Ресми түрде қазақ тілінің орфографиясы кеңестік кезеңде 1983 жылы бекітілген. Қазақ тілінің орфографиясын ғылыми негізделген нұсқада әзірлеу және бекіту үшін арнайы орфографиялық комиссия қажет. Қазіргі жаһандану қарқыны, басқа тілдерден еніп жатқан көп сөздердің көптігі, кейбір қазақ сөздерінің дұрыс жазылуы аталған комиссияның қажеттілігін айқындайды. Мұндай комиссия тілге енген сөздерді жүйелі түрде бекітіп тұрады. Мысалы, Түркияда, Әзербайжанда, Өзбекстанда орфографиялық сөздік 5 жыл сайын жетілдіріліп тұрады, себебі тілге еніп жатқан сөздерді сауатты жазу уақтылы жүйеленіп тұруы тиіс. Осы сияқты тәсіл Қазақстанға да қажет. Тұжырымдамада қазақ тілінің орфографиясын жетілдіру шаралары көзделген.
Орфографиямен қатар терминология саласы да жүйелеуді талап етеді. Бекітілген терминдердің мониторингі барысында бекітудегі дәйектілік сақталмайтыны белгілі болды, осыған байланысты терминді тілге бейімдеудің ғылыми қағидаттары әзірленуі тиіс. Бұл саланы жүйелеу үшін автоматтандырылған терминологиялық база қажет. Жалпы терминологиялық базаны әзірлеу халықаралық практикада бар. Тұжырымдамаға терминологиялық базаны жасау, бекітілген терминдердің мониторингін жүргізу мәселелері енгізілген.
Тіл саласындағы маңызды және ауқымды сала – әдіснама саласы. Қазақстанда мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі мектеп оқушыларынан бастап мемлекеттік қызметшілерге дейін үйретіледі. Дегенмен тіл үйрету жүйесінің қалыптаспауы жұмыстың сапасына әсерін тигізіп отыр. Тіл оқытуды жүйелеуде халықаралық деңгейде озық тәжірибелер бар. Мысалы, ағылшын тілі TOEFL (Test of English as a Foreign Language), араб тілі MSA (Modern Standard Arabic), қытай тілі HSK (Hanyu Shuiping Kaoshi), жапон тілі JLPT (Japanese Proficiency Test), француз тілі DELF (Diplome d’Etudes en Langue Francaise), испан тілі DELE (Diplomas de Espanol como Lengua Extranjera) жүйелері негізінде үйретіледі. Бұл жүйелер әр тілдің ең маңызды лексикалық және грамматикалық минимумдарында, тіл үйретудің прогрессивті әдістемесінде құрылған. Осындай халықаралық тіл жүйелерін қазақ тілін үйретуге де енгізу қажет. Атап айтқанда, Тұжырымдама аясында «Қазақ тілін оқыту жүйесі» қалыптасады. Осы жүйе бойынша мектептен бастап ересек тұрғындарға дейін қазақ тілін үйренудің А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлерінің лексикалық және грамматикалық минимумдары, соларға сәйкес оқу-әдістемелік құралдары әзірленеді.
Тіл орталықтарын аккредиттеу жүйесінің халықаралық тәжірибесін қарастыру барысында АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Испания, Түркия сияқты елдердің тәжірибесі зерделенді. Шетелдіктерге ағылшын тілін үйрететін мыңдаған тіл орталықтары жұмыс істейтін Ұлыбританияның аккредиттеу орталығына тоқталуға болады. Оқыту сапасын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан тіл орталықтарын аккредиттеу және оқыту сапасын қадағалау бойынша бірқатар мекемелер құрылған. Аккредиттеу – ағылшын тілін үйрету сапасын қамтамасыз ететін еркін жүйе.
Қазіргі таңда Испанияда Сервантес институты жұмыс істейді, испан тілін шет тілі ретінде оқыту орталықтарын аккредиттеу жүйесі, Канадада «Канада тілдері» (Language Canada (LC) тілдерді аккредиттеу тобы, АҚШ-та Жоғары білімді аккредиттеу жөніндегі кеңес (CHEA), Түркияда ТÖMER (Türkçe Öğretim Merkezi) түрік және ағылшын тілдерінің зерттеу орталығы бар.
Елімізде жұмыс істейтін мемлекеттік 111 тіл оқыту орталығы жұмысының тиімділігін, сапасын арттыру үшін халықаралық практикаларды енгізу қажет. Ең алдымен, орталықтар аккредиттелуі тиіс.
Латын графикасына қатысты әлемдік тәжірибені зерделеу әлем тілдерінің көпшілігі латын графикасына негізделгенін көрсетті. Латын әліпбиі негізіндегі жазуды балтық, кельт, герман және роман топтарының барлық тілдері, сондай-ақ түркі, фин-угор және славян топтарының кейбір тілдері, баск, албан, вьетнам және филиппин тілдері, Африкадағы, мұхиттық аралдардағы, Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы кейбір тілдер қолданады. Жалпы, әлемдік әліпби кеңістігінде латын әліпбиінің үлесі 36 %-ды, қытай әліпбиінің үлесі 19 %-ды, араб әліпбиінің үлесі 11 %-ды, кириллица – 4 %-ды құрайды.
ХХ ғасырдың әр кезеңінде түркітілді елдердің бірқатары латын әліпбиін қабылдаған. Мысалы, 1920 жылдары әзербайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, татар, түрік тілдеріне латын әліпбиі енгізілген. Алайда Кеңес Одағындағы саясат түркі халықтарының әліпбиін кириллицаға көшірді.
Түркі тілдес одақтас республикалардың тәуелсіздік алуы нәтижесінде 1991 жылдан әзербайжан, ғағауыз, өзбек, 1993 жылдан түрікмен тілдері латын графикасына негізделген әліпбиді қабылдады. Қазіргі кезеңде түркі тілдерінің 56 %-ы латын әліпбиінде, 25 %-ы араб жазуында, 17 %-ы кириллица әліпбиінде.
Бұл әліпбидің халықаралық деңгейде кеңінен қолданылуын және танымалдығын бірнеше халықаралық ұйым жүзеге асырады, сондықтан қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі тілімізді, қоғамды ғылым мен технологиялардың жаңашылдықтарына жақындатады.
Латын әліпбиі – халықаралық ақпарат алмасудың, қарым-қатынастың әліпбиі. Ғылымдағы терминдер мен атаулар, формулалар осы әліпбиде жарық көреді. Физика мен метрикадағы бірліктердің SI жүйесі, математикадағы формулалар, химия мен биологиядағы және барлық ғылымдардағы таңбалар жүйесі латын таңбаларымен белгіленеді.
Интернет-домендер, символдар мен кодтар латын әліпбиінде. Халықаралық банк, логистика, байланыс жүйелері де латын әліпбиімен белгіленеді. Интернет-кеңістікте латын әліпбиінің маңызы зор.
Тұжырымдама аясында қазақ тілін латынграфикалы әліпбиге көшіру жұмысы жүзеге асырылады. Латын әліпбиін әзірлеуде халықаралық практикалар, оның ішінде түркі тілдерінің латын әліпбиіне көшудегі ғылыми, әдістемелік және ұйымдастырушылық оң тәжірибесі зерделеніп енгізіледі.
Тіл саясатын жүргізудің, тіл үйретудің және тілдік зерттеулердің мол халықаралық бай тәжірибесін Қазақстанда қолдану елімізде тілге байланысты жұмысты оңтайландыруға, жетілдіруге кең мүмкіндіктер береді.
4-бөлім. Тіл саясатын дамытудың пайымы
Бүгінгі тіл саясаты қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, жаңа латын графикасы негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға, сондай-ақ азаматтардың тілдік капиталын дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын іске асыруы тиіс.
Мемлекеттік тілдің мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын қуатты құрал әрі этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде қалыптасуы, сондай-ақ мемлекеттің жағдай жасау жөніндегі міндеттерін одан әрі күшейту басқа да тілдердің толыққанды қызмет етуіне және оларды қолданудың құқықтық негіздерін дамытуға ықпал етеді.
Тіл саясатын іске асыру стратегиясы ағымдағы сұраныстарды ескере отырып іске асырылады. Осы Тұжырымдаманы іске асыру тіл саясатын дамытудың бірыңғай стратегиясының негізгі тетіктерінің бірі ретінде мемлекеттік тілдің мәртебесін бекітуге, сондай-ақ тілдерді дамытуға қатысты мәселелерді іске асырудың құқықтық өрісте белгіленген тетіктері мен құралдарын іске асыруға, саладағы жобаларды тұтас жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді.
Тұжырымдаманы іске асыру еліміздегі тілдік ахуалдың әлеуетін арттыруға және оның қоғамдық-саяси және әлеуметтік саланың дамуына қосатын үлесін ұлғайтуға, өңірлік деңгейлердегі өзекті проблемаларды шешуге, оның ішінде тілдік кемсітушілікті болдырмау және оның алдын алу шараларын жүзеге асыруға ықпал етеді.
Бұдан басқа, тұлғаның үйлесімді дамуына арналған орта қамтамасыз етіледі, этностар тілдерінің дамуына жағдай жасалады, сонымен қатар мемлекеттік тілді меңгерген, оның ішінде оны күнделікті өмірде қолданатын тұрғындардың, жаңа әліпби және емле ережелерін оқыту курстарымен қамтылған ересек тұрғындардың, сондай-ақ үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесі артады.
5-бөлім. Тіл саясатын дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
Тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары:
мемлекеттік тілдің басымдығы мен жетекші рөлінің маңыздылығы:
мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту басымдығы;
азаматтардың тілдерді оқып-үйренуге қолжетімділігі мен олардың құқықтарының теңдігі;
мемлекеттік тілді және өзге де этностардың тілдерін құрметтеу;
қоғамдық қатынастардың барлық салаларында мемлекеттік тілді қолданудың дәйектілігі;
мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас және ғылым тіліне айналдырудың өзектілігі;
азаматтардың тілдік капиталын дамытудың сипаты мен ашықтығы.
1-бағыт. Тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту
Тіл саясаты және демография
Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудегі ең маңызды нәтиже – қазақ мектептері желісінің кеңеюі. 1991 – 1992 оқу жылында барлық оқушылардың 28 %-ы ғана қазақ тілінде білім алса, қазір бұл көрсеткіш 66 %-ға жетті. 2022, 2023 жылдары бірінші сыныпқа барған оқушылардың 70 %-ы қазақ мектебін таңдады. Бұл халықтың мемлекеттік тілге деген сұранысының артқанын көрсетті. Мемлекеттік тілге қатысты бірқатар мәселелер қазақ халқының табиғи өсімі есебінен шешіледі.
2021 жылы өткізілген ұлттық халық санағының нәтижесіне сәйкес халық саны 19186015 адамды құраса, ұлты қазақ азаматтардың саны 13497891 адамға жетті.
Ұлттық халық санағының нәтижесі халықтың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі өңірлерге байланысты әркелкі екенін көрсетіп отыр. Мәселен, еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде тұрғындардың көпшілігі қазақ тілін меңгерген және оны күнделікті өмірде қолданады. Аталған өңірлерде бұған қатысты оң динамиканы көруге болады. Солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде халықтың қазақ тілін меңгеру деңгейі салыстырмалы түрде жоғары болғанымен, оны күнделікті өмірде қолдану көрсеткіштері төмен.
Тіл саясатын жүргізуде тілдерді білу деңгейі және қоғамдағы демографиялық ахуал ескеріледі. Осыған байланысты мемлекеттік тілдің қоғамдық қатынастардың әр түрлі салаларында және өңірлер бөлінісінде қолданылуын талдау негізінде арнайы шаралар көзделетін болады.
Тіл және мемлекеттік қызмет
Қазіргі қоғамның талабына сәйкес мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс. «Тіл туралы» Заңның 9-бабында мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданатыны, қажет болған жағдайда оларды әзірлеу мүмкіндігінше басқа тілдерге аударуды қамтамасыз ете отырып, орыс тілінде жүргізілуі мүмкін екендігі көрсетілген. Осы заң нормасы толыққанды іске асырылуы тиіс.
«Халықпен кездесу» индикаторын іске асыру мақсатында әзірленген мемлекеттік органдардың ашықтығы дәрежесін бағалау әдістемесіне сәйкес орталық мемлекеттік органдардың басшылары есептік кездесу беру барысында, әсіресе шалғай елді мекендерге барғанда, халықпен сұхбаттасу алаңдарында баяндама жасау кезінде мемлекеттік тілге басымдық береді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысында мемлекеттік тілді қолдануын ынталандырады.
Тұжырымдамада жекелеген саяси мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау бойынша талаптарды әзірлеу жөніндегі шаралар қабылдау көзделеді.
«Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктерінің ұлттық стандартын» жаңарту да жұмыста қазақ тілінің қолданылу проблемасын шешуге жәрдемдеседі.
«Тіл туралы» Заңның 10-бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары жүйесiнде, ұйымдарында, меншiк нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргiзу мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қамтамасыз етiлетіні көрсетілген.
Орталық мемлекеттiк және жергілікті атқарушы органдардағы, ұлттық компаниялардағы құжат айналымының мемлекеттiк тiлде iс жүргiзуінің үлестiк көлемiне жыл сайын жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін тарта отырып, құжат айналымында мемлекеттік тілдің үлесін және қаржы саласында, оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласында мемлекеттік тілдің үлесін арттыру мақсатында әдістемелік семинарлар ұйымдастырылатын болады.
Сонымен қатар мемлекеттік органдарда және ұлттық компанияларда мемлекеттік тілде іс жүргізілуіне мониторинг жасау жұмысы жалғастырылып, қорытындысы бойынша тексеру ұйымдастырылады.
Мемлекеттік тіл және қоғамдық салалар
SIL International ұйымы (АҚШ) жүргізген Ethnologue Languages of the world зерттеуінің қорытындылары бойынша әлемде 7000 тіл бар болса, оның ішінде ең көп қолданылатын 100 тілдің қатарынан қазақ тілі 89-орынды иеленіп отыр. Еліміздегі ағымдағы тілдік ахуалды талдаудың нәтижелеріне сәйкес мемлекеттік тіл қоғамның бірқатар салаларында басымдыққа ие болуда, өміршеңдігін сақтай отырып, дамып келе жатыр.
2000 жылдардың басында «Қазақ, қазақпен қазақша сөйлес!» деген тіркес жиі қолданылды, кейінгі онжылдықта қазақтілді контенттің көлемін ұлғайту, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тілде төлнұсқада әзірлеу қажеттілігі туралы пікірлер айтылды. Тіл саясаты саласындағы атқарылған жұмыс, қабылданған бағдарламалар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыруда өз нәтижесін бергенімен, оны ғылым, ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, туризм, бизнес, қаржы салаларында қолдану төмен деңгейде болғандықтан, аталған салалардағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бүгінгі күннің өзекті проблемасына айналды.
Азаматтық қоғам тарапынан мемлекеттік тіл төңірегіндегі мәселелер белсенді көтеріліп жүр. Мемлекеттік тілді халыққа қызмет көрсету салаларында (сауда, қоғамдық тамақтану, техникалық қызмет көрсету) практикалық қолдану шаралары пысықталатын болады. Бұл аталған салаларда мемлекеттік тілді құқықтық мәртебесіне сәйкес қолдануға ықпал етеді.
Бұдан басқа, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік тілдің рөлін кеңейтуге бағытталған шараларды жергілікті атқарушы органдар «Атамекен» ҰКП-ның филиалдарымен бірлесіп жүзеге асырады. Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілерінің көрнекі ақпаратты «Тіл туралы» Заңның талаптарына сәйкес орналастыруын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлік субъектілеріне әдістемелік көмек көрсетеді.
Ғылыми дәрежелерді беру, ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін бағалау және тіркеу кезінде, диссертациялар мен ғылыми есептердің бір данасының қазақ тілінде ұсынылуын, оларды қазақ тілінде қорғауды ынталандырудың қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жүйесі қалыптастырылады.
Барлық салада мемлекеттік тілді жетік меңгерген азаматтардың үлесін арттыру тұрғысында мемлекеттік тілді оқыту орталықтарына, үйірмелеріне ұйымдастырушылық және оқу-әдістемелік қолдау көрсетіледі. Мемлекеттік емес мекемелердің қызметкерлері үшін қазақ тілін оқып-үйренудің жаңа форматтағы курстары ұйымдастырылады.
Сонымен қатар қоғамдық өмірдің барлық саласында мемлекеттік тілдің басым қолданылуына қол жеткізу, қолданыс аясын кеңейту және беделін көтеру бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілетін болады. Мемлекеттік қызмет және қызметтер көрсету саласында қазақ тілінің басымдығына қол жеткізу жөніндегі ұйымдастыру жұмысы жүзеге асырылады.
Бұдан басқа, жыл сайын ресми интернет-ресурстарға мониторинг жүргізілетін болады. Қорытындысы бойынша ресми интернет-ресурстардың қазақ тілінде дұрыс толтырылуы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ интернет-ресурстарының мемлекеттік тілдегі нұсқасы жоқ ұйымдар анықталып, олармен Қазақстан Республикасының «Ақпаратқа қол жеткізу», «Тіл туралы» заңдарының талаптарын түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Мониторинг қазақ тіліндегі интернет-ресурстар санының артуына ықпал ететін болады.
Түркі жазуы мен мәдениеті – түркі этностарының бай мәдениетінің көрінісі. Түркі халықтарының өркениеті, мәдениеті мен жазбалары – заманауи әлем мәдениетінің ажырамас бөлігі.
Түркі, славян жазуы күндерін жыл сайын мерекелеу жоспарланып отыр.
Көрнекі ақпарат тілі
Көрнекі ақпарат – елдегі қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық ахуалға әсер ететін факторлардың бірі. Көрнекі ақпаратты орналастыру заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылуы мүмкін.
Тіл туралы заңнаманың көрнекі ақпаратты орналастыру бойынша нормаларын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар «Атамекен» ҰКП филиалдары мен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігін тарта отырып жүргізіледі.
Қоғамдық өмірде мемлекеттік тілдің сұраныста болуын арттыру мақсатында нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жұмысы жүргізіледі. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға маңдайшаларды хабарлама тәртібімен қарау құзыретін беру мәселесі қарастырылуда.
Хабарлама тәртібін енгізу нормасы тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органның орфография және мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы нормаларын сақтай отырып, маңдайшаларды орналастырудың қағидаларын әзірлеуіне және бекітуіне мүмкіндік береді.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жеке және заңды тұлғаларға өз қызметін жүргізуге (обьектілерге атау беру) қолдау көрсету мақсатында қазақ тіліндегі атаулар сөздігін («korneki.kz» базасы) жасау жоспарлануда.
Атаулар базасында антропонимика, топонимика, астрономия, космоника және басқа да бағыттар бойынша сөздер жинақталады. Бұл база жеке және заңды тұлғалардың объектілерге атау беру кезінде тиісті сөздер мен сөз тіркестерін таңдауына мүмкіндік береді.
Көрнекі ақпаратты заңнама талаптарына сәйкес орналастыруды қамтамасыз ету жөніндегі консультациялық-түсіндіру жұмысы тұрақты негізде ұйымдастырылады.
Қоғамның тіл мәдениетін арттыру
Қазақ әдеби тілінің ауызша және жазбаша түрінің қатар дамып, қоғам өміріндегі беделі мен рөлінің артуы үшін сөз мәдениетін арттыру – тіл саясатын жүргізудегі міндеттердің бірі.
Тілдік нормалардың сақталуы үшін тілдік құралдар, орфоэпиялық, орфографиялық, лексика-фразеологиялық, грамматикалық (морфологиялық, синтаксистік, сөзжасамдық) нормалар біріздендірілуі қажет. Осы бағытта әзірленген тілдік құралдардың қоғамға қолжетімділігі қарастырылады.
Моральдық қағидаттарға, мәдени-ұлттық дәстүрге негізделген этикалық және коммуникациялық нормалар белгілі бір жағдайларда сөз саптау ережелерін сақтауды талап етеді.
Осыған байланысты тілдің қасиеті, сөз құдіреті, сөз мәдениеті туралы ғибратты мағынасы бар нақыл сөздердің (тілдің болмысы туралы нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, фразеологиялық сөз орамдары, аңыз адамдардың өсиеттері) тілдің қоғамдық-әлеуметтік функциясымен өзара байланысын ашуға бағытталған іс-шаралар өткізілетін болады.
Әлеуметтік желілерде танымал тұлғалардың, қоғам қайраткерлерінің, блогерлердің, әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушылардың тақырыптық жазбаларын тарату, халық арасында танымалдығын арттыру, тіл саласының өзекті мәселелері жөніндегі материалдарға мониторинг жасау жұмысы жүргізіледі.
Мәдени тілдік қоғамдастықта қалыптасқан тілдік, коммуникативтік, этикалық нормалардың эстетикалық қағидаттарын сақтай отырып, тілдік құралдарды, амал-тәсілдерді әр түрлі кейстерді мысалға келтіре отырып пайдалануды оқыту жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру маңызды. Мұндай іс-шаралар балалар, сондай-ақ ересектер арасында тұрақты түрде өткізілуі тиіс.
Салалық сөздіктер, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, балалар кітаптары, көркем әдебиет, шетелдік проза туындыларын қазақ тілінде басып шығару жұмысы жүргізілетін болады.
Тіл мәдениетін дамыту тақырыбы бойынша жастардың, мемлекеттік қызметшілердің, журналистердің, спичрайтерлердің, копирайтерлердің, корректорлардың, блогерлердің, гуманитарлық сала, халыққа қызмет көрсету, банктер, көлік, сауда, денсаулық сақтау салалары ұйымдары мамандарының қатысуымен кездесулер, акциялар, флешмобтар, көшпелі отырыстар, тренингтер, фестивальдер ұйымдастырылады.
Сөздердің тізбесін, іскерлік қарым-қатынасқа арналған сөйлемдер мысалдарын және басқа да жағдаяттық мақсаттарды дайындау іскерлік дискурс стилін қалыптастырудың және тілді меңгерудің әдістемелік негізі болып табылады.
Жазу және сөйлеу мәдениетін арттыру тұрғысында ақпараттық кеңістіктегі мерзімді және электрондық БАҚ-тың рөлін күшейту іс-шаралары тұрақты негізде жүргізілетін болады.
Тіл мәдениеті сөйлеу мәдениетінің рөлін арттыру, сөз мәдениетіне әлеуметтік көзқарасты қалыптастыру, сөз мәдениетін әлеуметтік ғылымдар мен ұлттық мәдениеттің аса маңызды тірегі ретінде бағалау, сөз мәдениетін ұлт мәдениетінің бөлігі ретінде насихаттау негізінде дамиды.
Мемлекеттік тіл – бизнес тілі
Елімізде бизнес саласын дамытуда қалыптасқан жағдайды зерделеу экономика және бизнес саласында қазақ тілін қолданудың тиімді нысандарын іздеу қажеттілігін көрсетіп отыр. Аталған проблеманы шешудің бір жолы – бизнестегі кәсіби коммуникацияның қазақтілді моделін құру.
Экономика және бизнес саласының терминдерін бекітіп, қолданысқа енгізу іс-шаралары жүргізіледі. Тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган сарапшыларды тарта отырып, қазақ тілін экономика тілі ретінде дамыту, қажетті терминологиялық қорды қамтамасыз ету жөнінде жүйелі шаралар қабылдауда.
Қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілді құқықтық мәртебесіне сәйкес қолдануды қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар «Атамекен» ҰКП мен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі филиалдарының өкілдерін тарта отырып, кәсіпкерлік субъектілерінің көрнекі ақпаратты (хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, мәзірлер, нұсқағыштар) «Тіл туралы» Заңның талаптарын сақтай отырып орналастыруы мәселелері жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмысын, арнайы семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізуді жоспарлауда.
Мемлекеттік тілді ірі іс-шараларды өткізу тілі ретінде айқындап бекіту үшін көпшілік алдында қазақ тілінде сөз сөйлей алатын саланың табысты тұлғалары қатарынан спикерлер пулы қалыптастырылады.
Бұдан басқа, қазақтілді БАҚ арқылы бизнес саласындағы табысты кәсіпкерлерді насихаттау жұмысы қолға алынатын болады.
«ҚАЗТЕСТ» жүйесін жетілдіру
«ҚАЗТЕСТ» жүйесі шеңберінде диагностикалық және сертификаттық тестілеу өткізіледі. Зерттеу нәтижелері мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесі туралы сұратылғандардың жартысынан көбі (52,1 %) білетіндігін көрсетіп отыр. Сондай-ақ «ҚАЗТЕСТ» жүйесі арқылы тест тапсыруды респонденттердің 84,8 %-ы қолдаған.
«ҚАЗТЕСТ» жүйесі 17 жылдан бері жұмыс істеп келеді, осы уақыт аралығында жарты миллионға жуық азамат, соның ішінде 15 жыл ішінде «Болашақ» халықаралық стипендиясының 21082 үміткері тестілеуден өтті. Лингвист-ғалымдар, әдіскерлер, тестология саласының мамандары 200 мыңнан астам тест тапсырмаларын әзірлеп, жүйеге енгізді.
Жүйе арқылы тест тапсыру «НЗМ» ДБҰ мұғалімдері, «Haileybury» мектептерінің жоғары сынып оқушылары, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының үміткерлері, докторантураға үміткерлер мен «Болашақ» халықаралық степендиясына үміткерлерге міндетті тестілеу түрі ретінде жалғасатын болады.
Заңнамада саяси мемлекеттік қызметшілер, қызмет көрсету саласының қызметкерлері үшін қызметке орналасу кезінде «ҚАЗТЕСТ» жүйесі арқылы тестілеуден өтуі көзделмеген. Аталған мәселені қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге, атап айтқанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген жекелеген саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына тиісті өзгерістер енгізу арқылы шешу қажет.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бүгінде Қытайда, АҚШ-та, Финляндияда, Оңтүстік Кореяда және Грузияда мектеп бітірушілер жоғары оқу орнына түсу кезінде міндетті пән ретінде ана тілі мен әдебиетінен емтихан тапсырады. Бұл өз кезегінде жас буынның тілдік ортаға кедергісіз кірігуіне мүмкіндік беріп, ұлттық құндылықтарды бағалауына, өз елінің тілі мен мәдениетін терең ұғынуына ықпал етеді. Аталған елдер тіл саясаты мәселесін жоғарыда көрсетілген тетіктер арқылы шешіп отыр.
Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін айқындау мақсатында «ҚАЗТЕСТ» сертификатының болуын міндеттейтін нормаларды енгізу пысықталатын болады.
«ҚАЗТЕСТ» жүйесі тіл үйренушінің қазақ тілін қандай деңгейде меңгергендігін және оның коммуникациялық-тілдік құзыреттілігінің қандай дәрежеде қалыптасқандығын анықтауға және бағалауға мүмкіндік береді.
Тест тапсырмаларының сапасын арттыруға, тапсырмаларды оңтайландыруға, тестіленушінің тілдік білімін шетелдік тәжірибеге сәйкес бір тест үлгісімен тексеруге мүмкіндік беретін «ҚАЗТЕСТ» жүйесінің жаңа форматы енгізіледі.
Сондай-ақ «ҚАЗТЕСТ» жүйесін электрондық форматқа көшіру жұмысы жүргізіледі. «ҚАЗТЕСТ» жүйесін халықаралық аккредиттеу мәселесі пысықталады.
Тілдік білімді бағалау қазақтілді ортаның қалыптасуына ықпал етеді.
2-бағыт. Тілдік жоспарлауды іске асыру
Қазақ тілінің емле ережелерін жетілдіру
Тіл табиғи құбылыс ретінде өзгереді, дамиды, түрленеді. Оның даму процесінде жазу нормаларының да өзгеріп отыруы – заңдылық. Тілдік норманы қолдануды оңтайландырудың негізгі мақсаты да осы себептерге байланысты.
Қазақ тілінің қолданыстағы емле ережелеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу арқылы сөздердің емлесін біріздендіру бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Қолданыстағы емле және пунктуация ережелерін электрондық нұсқасының көпшілікке қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.
Қазақ тілінің ортологиялық құралдарын, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер мен орфографиялық анықтағыштың электрондық нұсқаларын әзірлеу мәселесі қаралады. Қолданыстағы тіл нормаларын жетілдіру қоғамдағы қазақ тілі нормаларын сақтамай жазу мәселесіне қатысты пікірлердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Латын графикасына көшудің негізгі бағыттары
Жаңа әліпбиге көшу, тілдік жоспарлауды жүзеге асыру, тіл мәдениетін сақтау – еліміздің ішкі саясаты саласындағы аса маңызды жаңғырту жобасы.
Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі мен емле ережелерінің жобаларын, тиісті сөздіктер мен анықтамалықтарды әзірлеу бойынша ғылыми-практикалық жұмыс қамтамасыз етіледі.
Әліпби таңбаларының пернетақтада орналасу тәртібін белгілеу стандарты бекітіледі.
Қазақстан аумағына әкелінетін және ел аумағында шығарылатын компьютерлерде, пернетақталарда, ұялы телефондар мен басқа да техникалық құралдарда қазақ тіліндегі ақпараттың, қазақтілді интерфейстің және қазақ әріптерінің болуын қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік құқықтық актілердің тиісті нұсқалары әзірленеді және қабылданады. Сонымен қатар фискалдық (кассалық) чектерді «Тіл туралы» Заңға сәйкес беруді қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды өткізу жоспарлануда. Бұл іс-шаралар тұтынушының құжатты мемлекеттік тілде талап ету сұранысын қанағаттандыруға ықпал ететін болады.
Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу процесі әліпби мен емле ережелері тиісті нормативтік құқықтық актілермен бекітілгеннен кейін жүзеге асырылатын болады.
Әліпби тиісті нормативтік құқықтық актімен бекітілгеннен кейін Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, онда қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты іс-шаралардың нақты мерзімдері белгіленетін болады.
Латынграфикалы әліпби негізінде қазақ тілінің ортологиялық құралдарын әзірлеу
Ортологиялық кодтау шеңберінде қазақ тілінің орфографиялық сөздігі, орфографиялық анықтағышы, орфоэпиялық сөздігі және басқа да құралдар әзірленеді.
Орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктерді әзірлеу процесінде тілдік қолданыстар мен процестерді саралау, олардың ішкі өзгерістері мен дамуын анықтау үшін ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізіледі. Орфографиялық сөздік орфоэпиялық нормадағы қолданысы көрсетіле отырып әзірленеді, ол ғылыми талқылаудан өткізіледі.
Тұтынушылардың әр түрлі топтарына (мектеп оқушылары, редакторлар, дикторлар, саясаткерлер, сауда менеджерлері, копирайтерлер мен спичрайтерлер, ғылыми мамандар, сұраныс деңгейіне қарай жұртшылық) арналған құралдар әзірленеді.
Қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес латынграфикалы әліпби негізінде кірме терминдердің ауызша және жазбаша игерілу тетіктері көрсетілген анықтамалықтарды, нұсқаулықтарды, латынграфикалы әліпби негізінде дайындалатын салалық түсіндірмелі терминологиялық сөздіктерді әзірлеу көзделеді.
Емле ережелерінің, орфографиялық анықтағыштың, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктердің электрондық нұсқаларының қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.
Қазақ тілінің латынграфикалы әліпбиі негізінде ономастикалық кеңістікті реттеу
Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі бекітілгеннен кейін соның негізінде тиісті ономастикалық кеңістікті физика-географиялық объектілер, әкімшілік-аумақтық бірліктер және олардың құрамдас бөліктері атауларының біркелкі жазылуына орай оларды стандарттау мәселесі қарастырылады.
Жаңа атауларды кеңінен насихаттау, қалалардың кодтарын латынграфикалы атауларға сәйкес келтіру (атап айтқанда, әуе және теміржол қатынасы саласында), трансшекаралық өңірлердегі топонимдік атаулардың карталарда дұрыс жазылуын қамтамасыз ету іс-шаралары іске асырылады.
Жаңартылған ономастикалық атауларды республика халқы кеңінен қолданатын карталарға (Google, Yandeх, 2gis), сондай-ақ навигациялық құралдарға енгізу жұмыстарын мүдделі мемлекеттік органдар әкімдіктермен бірлесіп жүргізуде.
Уәкілетті орган халықаралық дерекқорларда географиялық объектілердің жаңа атауларының уақтылы енгізілуін үйлестіру, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу жұмысын атқаратын болады.
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшірудің ғылыми-әдістемелік және ұйымдастыру іс-шараларын үйлестіру
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудің бастапқы сатысында (кемінде 5 жыл) қолданыстағы кириллица әліпбиі латын графикасындағы әліпбимен қатар қолданылатын болады.
Латынграфикалы әліпбиді енгізуге қажетті ғылыми-әдістемелік мазмұндағы және қоғамдық-көпшілік бағыттағы шаралар жоспарланады және ұйымдастырылады. Жекелеген әріптердің таңбалануына қатысты ғалымдардың пікірлерін зерделеу мақсатында Орфография жөніндегі жұмыс тобының отырыстары ұйымдастырылады.
Жұртшылық үшін әліпби және емле ережелерін таныстыруға арналған дәрістер, кездесулер өткізіледі, әліпби негізіндегі емлені және латын графикасына негізделген емле ережелерін оқыту әдістемесінің ғылыми әдіснамасы әзірленеді, әліпби негізіндегі емлені және латын графикасына негізделген емле ережелерін оқыту бойынша әр түрлі әлеуметтік топтарға арналған оқу-әдістемелік құралдарды дайындау жүзеге асырылады, онлайн-сабақтар модельдерін, мобильді қосымшаларды, мультфильмдерді әзірлеу және оларды сайттарға орналастыру мен жариялау жұмысы жүргізіледі. Барлық өңірлерде тиісті курстар ұйымдастырылады. Жаңа әліпби мен емле ережелерін өз бетінше игеруге арналған ІТ-бағдарламалар, мобильді қосымшалар, аудио және бейнесабақтар әзірленеді. Көркем әдебиетті латын графикасына бір мезетте аударуға мүмкіндік беретін «Qazlatyn.kz» порталының жұмысы жалғастырылады.
Жетілдірілген латынграфикалы әліпби бекітілгеннен кейін көрнекі ақпаратты (сыртқы көрнекі ақпарат, жарнама, маңдайшалар, заттаңбалар) жаңа әліпби мен емле ережелеріне сәйкес орналастыру мәселесі реттеледі. Көрнекі және жарнамалық өнімдерде латынграфикалы әліпбиді қолдану жөніндегі нұсқаулық әзірленеді.
Латынграфикалы әліпби негізінде жазылған қазақтілді мәтіндерді автоматты түрде аудару мен редакциялау құралдары жетілдірілетін болады.
Республикалық, өңірлік кітапхана қорының, архивтердің электрондық форматын кезең-кезеңімен латын графикасына негізделген әліпбиге кезең-кезеңімен көшірудің бастапқы сатысы іске асырылады.
Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларын және басқа да көрнекі ақпаратты латын графикасы негізіндегі мемлекеттік тілде ресімдеуді қамтамасыз ету, мемлекеттік тілде іс жүргізу, азаматтардың паспорттарын, жеке куәліктерін жаңа әліпбиге ауыстыру жұмысының бастапқы сатылары іске асырылады.
Қазақ жазуын латын графикасына көшіру перспективада қоғамның ұлттық бірегейлігін нығайтуға ықпал ететін іс-шаралардың бірі болады. Қазіргі қазақ жазуында қазақ тілінің төл дыбыстық құрамы айқындалады. Емле ережелеріне тіл біліміндегі соңғы ашылулар енеді. Қазақ тілі заманауи технологияларға бейімделіп, қолдану саласы кеңейеді.
3-бағыт. Тіл үйрету әдістемесін жетілдіру
Қазақ тілін үйрету әдістемесі
Елімізде қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде үйретудің ғылыми әдіснамасы мен әдістемесін жетілдіру, тілдерді үйретудің ортақ жүйесін көпшілікке тарату және қалыптастыру, оқытудың үздік отандық және шетелдік әдістерін жинақтап қорыту, сондай-ақ этнос тілдерін үйрету деңгейін арттыру жұмысы жалғасатын болады.
Ол үшін қазақ тілін үйрету әдістемесі бойынша ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектердің жүйеге келтірілген базасы, А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері бойынша лексикалық және грамматикалық минимумдар, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар әзірленетін болады.
Тілдік жоспарлауды жүзеге асыру, қолданыс аясын кеңейту оқыту әдістемесінің негізгі міндеттердің бірі болғандықтан, мемлекеттік тілді меңгертуде тілдерді оқытудың әлемдік үздік практикаларының оң элементтерін (ағылшын, орыс, испан, неміс, француз, түрік, корей және қытай тілдері) барынша тиімді қолданған дұрыс.
Атап айтқанда, заманауи ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тіл үйретудің сапасын арттыру маңызды. Сонымен қатар әдістемені жетілдіру үшін ғалымдарды тарту, оқытушылардың әдістемелік дағдыларын арттыру, тәжірибе алмасу іс-шаралары көзделетін болады.
Қазіргі жаһандану заманында қоғамда түрлі салалар пайда болуда. Сәйкесінше, экономика мен технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында еңбек нарығының өзгермелі талаптарына бейімделуге және өз әлеуетін іске асыруға қабілетті жоғары кәсіби мамандарға деген қажеттілік артып келеді.
Атап айтқанда, ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін жан-жақты пайдалану арқылы тіл үйретудің сапасы, қазақ тілін үйрету әдістемесін жетілдіру, мемлекеттік тілді үйретуші оқытушылардың әдістемелік дағдыларын арттыру, жас мамандарға әдістемелік көмек көрсету, тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылады.
Мемлекеттік тілді үйрету мен қазақ тілін екінші немесе шет тілі ретінде оқыту бойынша қолда бар әдіснаманың заманауи цифрлық қоғамдағы тіл үйрету технологияларына ілесе алмауына байланысты оны цифрлық дәуір талаптарына сәйкес дамыту, жетілдіру жұмысы жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстан стандарттау және метрология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 2023 жылға арналған жұмыс жоспары шеңберінде қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктерінің ұлттық стандартын жаңарту жұмысын жүргізеді.
Тілді үйретудің әлемдік тәжірибесіне сүйене отырып, мемлекеттік тілді оқыту мен қазақ тілін екінші тіл немесе шет тілі ретінде қарапайым деңгейде (А1), базалық (А2), орта (В1), ортадан жоғары (В2), жоғары деңгейлерде (С1) үйренудің жалпы талаптары, коммуникациялық, грамматикалық құзыреттілік мазмұны жүйеленеді.
Стандартта қазақ тілін деңгейлік оқытудың қағидаттары, деңгейлік оқыту мазмұны, тіл үйренушілердің білім деңгейіне қойылатын талаптар, тілді меңгеру міндеттері бірыңғай жүйеге келтіріледі. Ол тілдерді дамыту саласына жауапты қызметкерлер және оқыту орталықтарының оқытушылары мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін қолдануда және оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуде басшылыққа алатын негізгі нормативті құқықтық акт болады.
Аталған құжат қоғамдық өмірдің барлық саласында мемлекеттік тілді үйретудің және қазақ тілін екінші тіл немесе шет тілі ретінде оқытудың дәйекті жүйесіне қойылатын негізгі талаптарды белгілейді.
Тіл үйрету әдістемесін жетілдіру шеңберінде заманауи озық халықаралық практикаларды талдауға, олардың оң нәтижелерін қазақ тілін үйрету әдістемесінде қолдануға кеңінен мүмкіндіктер жасалады.
Аталған бағыттағы жұмысты іске асыру барысында қазақ тілін үйрету сапасы мен әдістемесі, қазақ тілін оқыту контентінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі, үйренушілер білімінің нәтижелері мен оқытушылардың біліктілігі артады.
Үйренушілердің сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында қазақ тілін үйрету әдістемесінің тиімділігін арттырудың мынадай жолдары қарастырылады:
Қазақ тілін оқыту жүйесі
Мемлекеттік тілді жетік меңгермеген азаматтар барлық салада қызмет атқарады. Оның басты себебі мемлекеттік тілді оқытудың ортақ жүйесінің жасалмауына және тіл оқыту деңгейлері сабақтастығының сақталмауына, сондай-ақ тиісті әдістеменің қалыптаспауына негізделеді.
Қазіргі таңда тілді сатылап оқытудың (мектеп – колледж – жоғары оқу орны) сабақтастығы мәселесі де өзекті, сондықтан «мектеп – колледж – жоғары оқу орны» жүйесі бойынша тілдерді дәйекті оқыту әдістемесі қалыптастырылуы қажет.
«Мектеп – колледж – жоғары оқу орны – мемлекеттік қызмет немесе қызмет көрсету саласы» жүйесі бойынша тіл оқыту жүйесі әзірленетін болады. Ол екі бағытты қамтиды. Біріншіден, тіл оқытудың жалпы мемлекеттік жүйесі жасалады. Екіншіден, «мектеп – колледж – жоғары оқу орны – мемлекеттік қызмет немесе қызмет көрсету саласы» жүйесі бойынша оқыту сапасын арттыру арқылы жаңа мазмұндағы оқу бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендер, заманауи оқыту технологиялары қалыптасады, мұғалімдер мен оқытушылардың ғылыми-әдістемелік әлеуеті артады.
Тіл оқытудың мазмұны білім беру деңгейлеріне байланысты болады, бұл ретте «қарапайымнан күрделіге қарай» қағидаты ескеріледі. Осылайша, білім алушы өзінің сөздік қорын қалыптастырады, мектепте тілдік материалды беру сабақтастығы сақталады. Мұндай қағидат білім берудің барлық деңгейінде тіл оқытуда, сондай-ақ ересек тұрғындарды оқытуда сақталады. Нәтижесінде республикада «мектеп – колледж – жоғары оқу орны – мемлекеттік қызмет немесе қызмет көрсету саласы» мемлекеттік тілді оқытудың әдістемелік жүйесі қалыптасады. Азаматтардың мемлекеттік тілде әртүрлі жағдаяттық және кәсіби тақырыптарда еркін сөйлесу дағдыларын дамыту, қызметтік құжаттарды дайындау жөніндегі әдістемелер әзірленеді.
Мектепте бастауыш, негізгі, жалпы орта білім беру деңгейлері бойынша әр сыныпта игерілетін тілдік контент беріледі. Ол А1 (қарапайым), А2 (базалық), В1 (орта), В2 (ортадан жоғары) деңгейлеріне сәйкес келеді.
ТжКБ ұйымдарында қазақ тілі 1, 2-курстарда оқытылады. Контент 9-сыныпты бітіргендер үшін В2 (ортадан жоғары) деңгейіне, 11-сыныпты бітіргендер үшін С1 (жоғары) деңгейіне сәйкес келеді.
ЖЖБҰ-да қазақ тілі 1, 2-курстарда оқытылады. Контент тіл үйретудің С1 (жоғары) деңгейіне сәйкес келеді.
ЖЖБҰ-ның магистратурасында С1 (жоғары) деңгейі тереңдетіп оқытылып, кәсіби лексика мен ғылыми стилистикаға ерекше мән беріледі. Докторантурада тіл С1 (жоғары) деңгейінде тереңдетіп оқытылады, ғылыми терминология мен стилистикаға мән беріледі.
Мемлекеттік қызметте жекелеген саяси мемлекеттік қызметшілер қазақ тілін В1-ден (орта) төмен емес деңгейде меңгеруі тиіс. Мемлекеттік қызметшілерден жазбаша ақпарат, баяндамалар дайындау, ресми стильдегі мәтіндермен жұмыс істеу талап етіледі.
Қызмет көрсету салаларының қызметкерлері қазақ тілін С2 (кәсіби) деңгейінде меңгеруі тиіс. Түрлі жағдаяттық және кәсіби тақырыптар бойынша еркін сұхбаттасу, азаматтармен еркін қарым-қатынас жасау, қызметтік құжаттарды дайындау дағдыларын дамыту шаралары пысықталатын болады.
Қазақ тілін оқыту жүйесін қалыптастыру үшін мектептерге арналған А1, А2, В1, В2 деңгейлері, ТжКБ-ға арналған В2, С1 деңгейлері, ЖЖБҰ-ға арналған С1 деңгейі, мемлекеттік қызмет жүйесі мен қызмет көрсету саласының қызметкерлеріне арналған С2 деңгейі бойынша лексикалық және грамматикалық минимумдар іріктеліп, оқу бағдарламалары мен оқу құралдары, басқа да көмекші құралдар әзірленеді. Соның негізінде елімізде қазақ тілін оқытудың ортақ жүйесі жасалады.
Тіл үйрену деңгейлері бойынша сертификаттау шараларын қабылдау көзделеді. Бұл ретте бақылау емтихандары мен тестілерді тапсыру шаралары пысықталады. Осындай талап мемлекеттік тілдің сұраныста болуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сонымен қатар ТжКБ және ЖЖБҰ ұйымдары білім алушыларының тілдік құзыреттілігін дамыту мақсатында «Кәсіби қазақ тілі» және «Тіл мәдениеті» пәндерін оқыту мәселесі пысықталады.
Мемлекеттік тілді дәйекті оқыту жүйесін құру нәтижесінде тіл оқытудың барлық деңгейлері бойынша тиісті талап қойылып, мемлекеттік тілге деген қажеттілік артады.
ЖЖБҰ-ға мамандар даярлау
ЖЖБҰ-да жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының жіктеуішіне сәйкес «6В01 Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласының «6В017 Тілдер және әдебиет бойынша мұғалімдерді даярлау» мамандығы бойынша «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Орыс тілі мен әдебиеті», «Шет тілі: екі шет тілі», «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», «Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандықтары бойынша мұғалімдер даярлау жүзеге асырылады.
«Қолданбалы лингвистика», «Қазақ және ағылшын тілдері» мен «Лингвистика» білім беру бағдарламаларын тек М. Narikbayev KAZGUU UNIVERSITY іске асырады.
Қазақ тілін өзге тілді аудиторияға оқыту жөніндегі мамандар даярланатын болады. Орыстілді аудиторияға қазақ тілін оқытатын мамандарға сұраныс бар. Қазақ тілін үйренуге ниет білдіретін шетелдік азаматтардың саны үнемі артып келеді. Сол себепті «Қазақ және ағылшын тілдерінің мұғалімі» немесе «Қазақ және ағылшын тілдері» және «Лингвистика» сияқты білім беру бағдарламаларын ЖЖБҰ-да іске асыру жұмысын жүргізу көзделеді.
Компьютерлік лингвистика білім беру бағдарламасы гуманитарлық және математикалық білімі, сондай-ақ бағдарламалау дағдылары бар теориялық және қолданбалы тіл білімі бойынша мамандарды даярлау жүзеге асырылады.
«Қолданбалы лингвистика», «Компьютерлік лингвистика», «Қазақ және ағылшын тілдерінің мұғалімі», «Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімін даярлау» білім беру бағдарламаларын ЖЖБҰ-да іске асыру жоспарлануда.
Аталған білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлау тілді цифрландыруға және лингвистиканың қолданбалы сипатын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға тіл оқыту әдістерін жетілдіру
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев Ұлттық қоғамдық кеңестің екінші отырысында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсетудің тиімді жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта елімізде осы санаттағы азаматтар үшін білім берудің қолжетімділігін арттыру аясы кеңейіп, әлеуметтік ахуалды жақсартуға үлкен мән беріліп келеді. Дегенмен, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды оқыту кезінде тиісті талаптарға сай келмейтін біліктілік стандарттары мен өлшемшарттары қолданылады, бұл мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік жағынан оқшаулануына алып келеді.
Мүгедектігі бар азаматтарды оқытуды ұйымдастырудың негізгі қағидаттары:
азаматтардың тіл үйренуге деген қызығушылығын ІТ-технологиялар арқылы арттыру қамтамасыз етіледі;
тілді өз бетімен үйрену жұмысы ұйымдастырылады;
қашықтан оқыту кезінде білім деңгейінің дамуын бақылау жүзеге асырылады;
ерекше қажеттілігі бар азаматтарға тіл оқыту әдістерін жетілдіру жолдары, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған ишарат тілі жүйесін жетілдіру, сондай-ақ оларға мемлекеттік тілді оқытудың әдістемелік негізін әзірлеу жоспарланады.
Ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған тіл оқыту әдістерін жетілдірудің оқу жоспары мен бағдарламасын әзірлеу мәселесі пысықталатын болады.
Сурдоаудармашылар үшін қазақ тіліндегі материалдарды әзірлеу, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған арнайы тактильді нүктелі-бедерлі қаріппен, ірі қаріппен және Брайль қарпімен жазылған, оның ішінде танылған халықаралық практикаларды ескере отырып, оқу-әдістемелік құралдарды шығару мәселелері талқыланатын болады.
Қазақ тіліндегі мәтіндерді дыбыстандыру сервисін құру жоспарлануда.
Шетелдегі отандастарды әдістемелік қолдау
Әрбір дамыған мемлекет жаһандық деңгейде өз тілін, әдебиетін, мәдениетін барынша көп адамның зерделеуіне арналған материалдарды ұсынуды көздейді.
Шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне ана тілін үйренуі үшін жүйелі түрде әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіледі. Шетелдегі отандастарды оқытатын орталықтардың білім беру бағдарламаларына мониторинг жүргізіледі, отандастармен ынтымақтастық орнатуды дамыту жөніндегі жұмыс жүргізіледі.
Қазақ тілін халықаралық деңгейде қолдануға ықпал ету, шетел азаматтарының қазақ тілін сапалы үйренуін қамтамасыз ету мақсатында «Абай институты» жобасы іске асырылуда, ол тілдерді оқытуға мамандандырылған шетелдік орталықтардың үлгісі бойынша қазақ тілін халықаралық деңгейде үйретуге бағытталған. Сонымен қатар шетелдегі қазақ диаспорасына қазақ тілін үйрететін оқытушылардың біліктілігін арттыру семинарлары жалғасады.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп әлеуметтік маңызы бар әдебиетті басып шығару шеңберінде жарық көретін қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын тұрақты негізде тарату жоспарлануда.
Шетелдегі қазақ диаспорасына арналған «Туған тіл» қоғамдық-саяси, әдеби-ғылыми альманағы жыл сайын шығарылатын болады.
Тіл оқыту орталықтары
Мемлекеттік тіл оқыту орталықтарында ересек тұрғындарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстарының жүргізілуі қамтамасыз етіледі.
Дегенмен өңірлік тіл оқыту орталықтарының оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық базасы әртүрлі, бұл оқыту сапасына әсер етеді.
Осы ретте латын графикасына көшу аясында жергілікті атқарушы органдар оқытушылар мен тұрғындарды оқыту үшін орталықтар ашу, олардың әлеуетін арттыру шараларын пысықтайтын болады.
Тіл оқыту орталықтарының оқытушылары жалақысының төмендігінен мамандар тұрақсыздығы орын алуда. Осыған байланысты мемлекеттік тіл оқыту орталықтары оқытушыларының жалақысын арттыру мәселесі пысықталатын болады.
Нәтижесінде аталған орталықтарға білікті кадрлар тартылады, ондағы оқыту сапасы артады, білікті оқытушылардың пулы қалыптастырылады.
Этнос тілдерін дамыту үшін жағдай жасау
Этнос тілдерін үйрену бойынша онлайн сабақтар әзірленіп, тұрғындарды аталған курспен қамтуды кеңейту жұмысы жүзеге асырылды.
2022 жылдан бастап аталған оқу курсы онлайн форматқа көшіріліп, оқыту неміс, украин, ұйғыр, кәріс, әзербайжан және дүнген этностарының арасында жүргізіледі. Басқа да этнос тілдерін үйренуге арналған онлайн сабақтар әзірленеді.
Мемлекеттік және этнос тілдерін үйрету әдістемесін одан әрі жетілдіру жұмысы жүргізіледі.
Мемлекеттік тілді меңгеру азаматтардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, этностар өкілдерінің еліміздің тарихи-мәдени мұрасы туралы қажетті ақпарат алуына, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
4-бағыт. Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту
Қазақ тілін ғылым тілі ретінде жетілдіру
Қазақ тілінің қолданысын кеңейтудің негізгі тәсілдерінің бірі оны ғылым тілі ретінде дамыту болып табылады. Қазақ тілінің реформасы ғылым тілін жетілдірумен тікелей байланысты. Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі қалыптасуы Алаш өкілдерінің еңбектерінен бастау алады. Осы кезде тіл білімі салалары қалыптасып, алғашқы төл терминдер қабылданды. Қазақ тілінің ғылым тілі ретінде қалыптасуының осы кезеңдегі реформалары кеңестік кезеңде одан әрі өрістетілмеді. Оның негізгі себебі – қазақ тілінің көбінесе аударма тіліне айналуында. Сол кездегі саясаттың әсерінен қазақ тілінің қоғамдағы рөлі әлсіреп, жағдайдың еліміз егемендікке қол жеткізгенге дейін жалғасқаны белгілі. Соған қарамастан ғылымның барлық салалары бойынша қазақ тілінде ғылыми еңбектер жазылып, салалық терминологиялық сөздіктер құрастырылды. Белгілі бір дәрежеде ғылыми тілдің қоры қалыптасты. Алайда қазіргі қоғамның сұраныстары қазақ тілінің табиғи әлеуетін ашуды талап етуде.
Ғылым мен техниканың дамуы, жаһандық ғылым-білім кеңістігіне интеграциялану, ІТ-технологиялардың күнделікті өмірде пайдаланылуы сияқты жағдайлар қазақ тілін ғылым тілі ретінде одан әрі жетілдіріп, дамытуды талап етеді.
Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін қазақ тіліндегі ғылыми құзыреттілікті қалыптастыру жөніндегі міндетті пәнді енгізу көзделеді, қазақ тіліндегі ғылыми зерттеулердің, ЖЖБҰ-ға арналған оқулықтардың үлесі артады.
Қазақ ғылыми тілін қалыптастыруда отандық әдіснаманы дамытудың маңызы зор. Атап айтқанда, халықаралық сипаттағы жаратылыстану, техника ғылымдарына қарағанда ұлттық мазмұны анағұрлым басым гуманитарлық ғылымдардың әдіснамасын жетілдіру қажет. Тіл білімі, әдебиеттану, өнертану, мәдениеттану, қоғамтану, философия, психология, педагогика сияқты ұлттық мазмұндағы ғылым салаларының әдіснамасы да жетілдіруді талап етеді.
Ғылыми тілді жетілдіру үшін ғылыми ұғымдарды берудің әртүрлі тәсілдері қарастырылады. Мысалы, әлемнің тілдік бейнесін бере алатын арнайы сөздіктер, сонымен қатар ғылыми дискурсқа, стилистикаға арналған еңбектер әзірленуде.
Ғылыми дәреже алу үшін әзірленетін, мемлекеттік грант аясында қаржыландырылатын жобалардың нәтижесін көрсететін еңбектердің, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган бекітетін ғылыми журналдардағы мақалалардың мемлекеттік тілде жарық көруге тиісті саны белгіленеді.
Ғылым тілінің функционалдығын жоғарылату үшін қазақ терминдерін пайдалануды жандандыру, кірме терминдерді жүйеге келтіру бойынша жұмыс жүргізіледі.
Терминология бойынша құзыреттілігі қалыптасқан мамандар дайындалып, мемлекеттік тілдегі ғылыми еңбектердің сандық-сапалық көрсеткіші артады, шетелдік ғылыми еңбектер қазақ тілінде қолжетімді болады және терминдер біріздендіріледі.
Терминологиялық жұмысты жандандыру
Мемлекеттік тілді қоғамдық өмірдің барлық саласында қолдану терминологиялық жұмысты реттеуге де, сол сияқты оны жүйелеуге де тікелей байланысты. Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуда терминологиялық жұмыс шешуші маңызға ие. Терминдер арқылы қазақ тілінің табиғи әлеуеті ашылып, оның ұғымдық жүйесі қалыптасады, жалпы әдеби тілдің өрісі кеңейеді. Осындай мәселелер терминологиялық жұмысты жетілдірудің өзектілігін айқындайды.
Терминдерді бекітудің әдістемелік негіздері, терминологиялық жұмысты жүргізудің қағидалары әзірленіп, қазақ тіліндегі терминжасамның ғылыми қағидаттары жүйеленетін болады.
Тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган жанындағы терминологиялық комиссияның қызметін жетілдіру мен үйлестірудің және терминдерді бекітудің тиімді жүйесі әзірленеді. Терминдерді біріздендіру мақсатында бекітілген терминдерге жасалған мониторинг негізінде нормативтік терминологиялық сөздік әзірленеді, бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу жұмысы жалғастырылады, терминдерді біріздендіру, оларды қазақ тілінің сөзжасамдық табиғатына сәйкес келтіру жұмысы жүргізіледі.
Терминдерді бірізді қолдану, олардың қолданылуын міндетті етуді қамтамасыз ету, сөзді нормалауға жол ашатын ғылыми негізделген терминологиялық базаны қалыптастыру жұмысы қолға алынады.
Кірме терминдерді қазақ тілінің сөзжасамдық, фоно-морфологиялық табиғатына сай игерудің тиімді үлгілерін көрсететін автоматтандырылған жүйе қалыптастырылады.
Салалық терминдердің сапасын арттыру, салалалық терминологиялық жұмысты жүйелендіру мақсатында мемлекеттік органдар, кәсіби сала мамандары мен лингвист-ғалымдар тартыла отырып салалық, салааралық топтар құрылады.
Терминология мәселелерімен айналысатын халықаралық ақпараттық орталықтармен, зерттеу университеттерімен ғылыми-шығармашылық байланыстар орнатылады.
Салалық терминдер сөздіктерін әзірлеу
Жаһандану дәуіріндегі ақпараттық, экономикалық, саяси, мәдени, зияткерлік, технологиялық байланыстардың дамуы қазақ тіліндегі салалық терминологиялық сөздіктер дайындаудың жаңа жүйесін қалыптастыруды қажет етеді. Әр түрлі терминологиялық сөздіктер шығару, оларды құрастыру бойынша қордаланған проблемаларды шешу – маңызды міндеттердің бірі.
Қазақ тіліндегі салалық терминологиялық сөздіктерге мониторинг жүргізіледі, жаңадан қалыптасқан ғылым салаларының терминологиялық сөздіктері құрастырылады.
Түсіндірмелі терминологиялық сөздік, салалық терминологиялық тезаурустар, екі, үш немесе көптілді сөздіктер құрастыру және салалық терминологиялық сөздіктер шығару мүмкіндіктері қарастырылады.
Қазақ тілінің 30 томдық терминдер сөздігіне ғылыми мониторинг жасалады. Соның нәтижесінде неғұрлым жүйеленген, нақтыланған салалық сөздіктер сериясы әзірленеді, тиісінше, терминдердің бірыңғай электрондық базасы жетілдіріледі.
Жаңадан әзірленген (қайта пысықталған) екітілді, көптілді, терминологиялық салалық және басқа да сөздіктерді басып шығаруға (ақпараттық кеңістікке орналастыруға) қойылатын бірыңғай талаптардың нормативтік құқықтық негіздері пысықталады.
Терминологиялық база жасау
Терминдермен жұмыс істеу барысын оңтайландыру, терминдердің қазақ тіліндегі баламаларын икемді әрі лингвистикалық дәлелді түрде іздеуді қамтамасыз ету мақсатында ғылыми тұрғыдан негізделген терминологиялық база қалыптастыру қажет.
Терминологиялық база терминдерді нормалауға, яғни міндетті сипатқа ие нормаланған терминологиялық сөздіктер әзірлеуге, терминдер қолданысын біріздендіруге мүмкіндік береді. Терминологиялық база білім беру салаларының барлық сатыларында қолданылатын оқулықтар мен оқу құралдарына, академиялық және ғылыми еңбектерге, мемлекеттік стандарттардың терминдері мен олардың сипаттамаларына терминологиялық сәйкестендіру мониторингін жүргізіп, тиісінше терминдерді түзетуге де мүмкіндік береді.
Қолданыстағы termincom.kz сайты базасының негізінде әрбір термин бойынша ғылыми негізделген анықтамасын, сипаттамасын беретін қазақ тілі салалық терминдерінің бірыңғай жүйесін – терминологиялық базаны қалыптастыру жұмысы үздіксіз жүргізіледі.
5-бағыт. Қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру
Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдер
Бүгінде ІТ-технологиялар елдің бәсекеге қабілеттілігінің маңызды көрсеткіші, қоғам өмірінің барлық саласын тиімді басқару құралы ғана емес, сондай-ақ ғылым мен білімнің қайнаркөзіне айналды.
6 жастан асқан қазақстандықтардың цифрлық сауаттылық деңгейі 2021 жылы халықтың жалпы санының 85,3 %-ын құрады. Бұл жоғары көрсеткіш және IT саласын дамытуға мол мүмкіндіктер береді.
Қазақ тіліндегі виртуалды-танымдық, зияткерлік, дидактикалық, ойын-сауық сипатындағы жекелеген және топтық, жағдаяттық ойындарға қажеттілікті ескере отырып, оларды шығару үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуі тиіс. Бұл қазақ тілінің ІТ-технологиялар тілі ретінде дамуына жаңа серпін береді.
2022 жылы «Steam» цифрлық дүкеніне қазақ тілінің қосылуы қазақ тілінде ойындар әзірлеушілер үшін кең мүмкіндіктер ашты. Қазақ тілін оқытуға, қазақтілді балалар аудиториясының сұранысын қанағаттандыруға бағытталған цифрлық өнімдер әзірлеу жұмысы қолға алынады. Бұл бағытта танымал Minecraft, Pubg mobile, Call of Duty: Warzone Mobile, Clash of Empire, Clash of clans секілді ойындардың сценарийлері негізінде қазақ тіліндегі топтық ойындар әзірленеді.
Сондай-ақ шетелдік ойындар интерфейсінің қазақ тілінде қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін осы ойындарды әзірлеушілермен байланыс орнатылып, тәжірибе алмасу жүргізіледі.
Қазіргі уақытта қазақ тілін үйренгісі келетін үш жастан асқан балаларға, сонымен қатар бала тәрбиесі мен оқытуда тәрбиешілерге, мұғалімдер мен ата-аналарға арналған «Balatili.kz» сайты жұмыс істейді. Алдағы уақытта бұл сайттың мобильді қосымшасы әзірленіп, контентін тұрақты толтыру, жетілдіру жұмысы жүргізіледі.
Танымал ойындардың сценарийлері негізінде қазақ тіліндегі топтық қатысатын ойындар әзірленеді.
Мультфильмдер – балаларды тілдік ортаға табиғи түрде бейімдеудің тиімді әдісі. Әлемдік «Nickelodeon», «Tiji» арналары контентінің қазақ тіліне аударылуы қазақтілді балалар аудиториясының ұлғаюына серпін береді. Келесі кезекте YouTube бейнехостингіндегі қазақтілді балалар контентін арттыру жұмысы жүргізіледі.
2020 жылы әзірленген 10 сериялы «Ақылды тентектер» жобасы сәтті шығып, «Балапан» телеарнасының таңдаулы контентіне айналды.
Балалар тілін дамытуға арналған анимациялық фильмдер, сонымен қатар әдебиеттер және иллюстрациялар (комикстер) әзірленетін болады.
Әлемдік киноиндустрия балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдерді мол шығаруда. YouTube бейнехостингін сапалы қазақтілді балалар контентімен толтыру мақсатында мультфильмдер мен сериалдар іріктеліп, оларға қазақ тілінде дубляж жасалатын болады.
Мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдердің сұранысын қанағаттандыра алатын қазақ тіліндегі сапалы өнімдердің әзірленуі келешекте жастардың қазақ тілін меңгермеу проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қазақ тілін меңгерген азаматтардың үлесін арттырудың маңызды тетігіне айналады.
Қазақтілді БАҚ-тың таралу үлесін арттыру мақсатында БАҚ арқылы азаматтық қоғам институттарына, белсенді азаматтарға, еріктілерге қазақ тілін қолдауға бағытталған акциялар, іс-шаралар, бастамашыл жобалар өткізуге қолдау көрсетіледі, сондай-ақ жыл сайын мемлекеттік тілдің ақпараттық кеңістіктегі беделін күшейтуге бағытталған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсы өткізілетін болады.
Тіл оқыту бағдарламалары
«Тiл туралы» Заңның 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар республиканың барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті. Бұл міндет мемлекеттік тіл орталықтары және мемлекеттік тапсырыс шеңберінде әзірленген электрондық онлайн-қосымшалар арқылы іске асырылып келеді.
Бүгінде әрбір азамат арнайы жабдықталған сыныптарға бармай-ақ, компьютердің немесе смартфонның көмегімен қазақ тілін үйрене алады.
Осы ретте мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру шеңберінде тиімді инновациялық тәсілдерге негізделген заманауи оқу құралдарын, IT-жобаларды әзірлеу қажет.
Бүгінде азаматтардың мемлекеттік тілді өз бетінше үйренуіне арналған «Tilqural.kz», «Tilmedia.kz», «Abai.institute» порталдары пайдаланылуда. Осы порталдарды сапалы контентпен толтыру жұмысы жалғасатын болады.
Зерттеудің нәтижелеріне сәйкес тұрғындардың 41 %-ы қазақ тілін жеткілікті деңгейде меңгермеген. Осы санаттағы тұрғындар үшін сапалы, мазмұнды әрі тартымды электрондық мобильді қосымшалар әзірлеу өте маңызды.
Осы мақсатта «Қазақ сөзі» мобильді қосымшасы әзірленетін болады, оның көмегімен азаматтар өзінің сөздік қорын толықтыруға, жаңа сөздердің мағынасымен танысуға және оларды күнделікті өмірде қолдануға мүмкіндік алады. Қосымшада қамтылатын 137, 500, 900, 1200, 1500 сөз арқылы азаматтар сөз тіркестерін жасау, сөйлемдер, шағын мәтіндер құрау дағдысын меңгере алады.
Бұдан басқа, қазақ тілін оқытуға арналған бірегей инновациялық көрнекіліктер мен әдістемелік өнімдердің базасы әзірленеді, қазақ тілінің жаппай ашық онлайн курсы ұйымдастырылады, мемлекеттік тілді оқытуға бағытталған балаларға арналған мобильдік желілік ойын және қазақ тілін оқытуға бағытталған бейнесабақтар әзірленеді.
Өңірлерде де қазақ тілін ақпараттық технологиялар арқылы оқыту жұмысы жүргізілуде. Мәселен, Жамбыл облысының тілдерді дамыту басқармасы білім беру процесіне цифрлық технологияларды енгізіп, қазақ тілін өз бетінше үйренуге арналған «Qazonline» мобильді қосымшасын ұсынды.
Павлодар облысында қазақ тілін үйренушілер үшін бірнеше жоба іске асырылуда, олардың бірі – «Ана тілі» орталығы әзірлеген «Ana tili» мобильді қосымшасы.
Жамбыл және Павлодар облыстарының жергілікті атқарушы органдарының тапсырысы бойынша әзірленген жоғарыда аталған жобалар Play Market және App Store-да қолжетімді.
Мемлекеттік тілді дамыту қоры әзірлеген «Soyle.kz», «Bala.soyle.kz» интернет-порталдары да танымал өнімдердің қатарында.
Татьяна Валяеваның «Kaz-tili.kz» авторлық жобасы қазақ тілін тиімді игеру құралдарының бірі болып табылады.
Әлемдік практикада көптеген білім беру порталдары жасанды интеллект негізінде тілдерді үйрену үшін қызықты және тиімді контент ұсынады. Мәселен, миллиондаған пайдаланушылары бар «Lingualeo» қосымшасының әр сабағы тыңдау, аудару, сөйлеу және грамматика бойынша тапсырмалардан тұрады. Жаттығулар теориялық материалмен бірге жүреді. Бұл грамматиканы игеруге, сөздік қорды молайтуға және қолданушыларға айтылымды жетілдіруге көмектеседі.
Әлемдік тіл оқыту веб-сервистеріне қазақ тілін оқыту курстарын енгізу жұмысы жүргізілетін болады.
Жоғарыда аталған жобаға ұқсас жасалған «Tilqural» қосымшасы қазақ тілін үйренудің 5 деңгейін ұсынады (А1, А2, В1, В2, С1). Таргеттелген жарнама арқылы осы қосымшаны мақсатты пайдаланушылардың қатарын көбейту міндеті орындалуда.
«Tilqural» порталын e-Gov, «Kaspi.kz» электрондық қосымшаларына кіріктіріп, оны байланыс операторлары, банк қосымшалары, сауда, қоғамдық тамақтану желілері арқылы көпшілікке танымал ету жұмысы жүргізіледі.
Қосымшаның танымалдылығына акциялар мен ашық есік күндерін ұйымдастыру, флаерлер, жапсырмалар тарату, көпшілік орындарға QR-кодтар орналастыру арқылы қол жеткізіледі. Бұл жұмысқа қоғамдық пікір көшбасшылары тартылады. Аталған шара қазақ тілін А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлерінде меңгерген азаматтар мен шетелдіктердің үлесін арттыруға жәрдемдеседі. Сонымен қатар қазақ тіліне үйренуге деген сұраныстың артуы ІТ-компаниялар тарапынан тілдік жобалар әзірлеу жөніндегі ұсыныстардың артуына ықпал етеді.
Мүгедектігі бар адамдар үшін тілді көпшілікке танымал ету бойынша инновациялық ІТ-жобалар мен жобалар, қазақ тілін онлайн оқыту платформалары, мемлекеттік тілдегі оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік кешендер, оқу-әдістемелік құралдар, тілдескіштер, сөздіктер, дидактикалық материалдар әзірленетін болады. Сонымен қатар есту қабілеті бұзылған балаларға мемлекеттік тілді оқыту мақсатында осындай аудиторияға қазақ тіліндегі танымдық ойындар әзірленетін болады.
Қазақ тілінің ұлттық корпусы
Әлемде компьютерлік технологиялардың және олармен байланысты мәтіндік корпустардың дамуы тіл туралы ғылымға, сондай-ақ жасанды интеллектке қатысты салада тың ашылымдар, нағыз серпіліс әкелді. Бұл қазіргі қоғамның ақпараттық, технологиялық сұранысына ден қоюдың сан алуан тәсілінің бірегейлігінде көрініс табады. Соңғы жылдардағы қазақ тілінің мәтіндік қорын цифрландырудың дамуы да осы әлемдік процестердің әсеріне ғана емес, сондай-ақ ұлттық тіл мүддесі үшін базаны қалыптастыру мен дамыту міндетіне байланысты.
Корпусқа дейінгі дәуірде ғалымдар лингвистикалық материалды тек қолмен жинағандықтан, салыстырмалы түрде шектеулі материалмен жұмыс жасай алды. Электрондық корпустардың пайда болуы корпусқа дейінгі дәуірде мүмкін емес болып көрінетін міндеттерді орындауға мүмкіндік берді, атап айтқанда, тілдердің ұлттық корпустарында ұсынылған әртүрлі типтегі және жанрдағы ауызша және жазбаша сөйлеудің үлкен мәтіндік массивтерін зерделеуге жол ашылды. Сондықтан қазақ тіліндегі мәтіндерді цифрландырудың және лингвистикалық өңдеудің негізгі құралы қазақ тілінің ұлттық корпусы болып табылады. Бұл – арнайы өңделген мәтіндік дерекқор базасы мен мамандандырылған іздеу жүйесін біріктіретін жүйелер.
Қазақ тілінің ұлттық корпусын қалыптастыру мен дамыту нәтижесінде мемлекеттік тілдің қолданысын қамтамасыз ететін, синхронды тұрғыдан қазақ тілін зерттеушілердің сұраныстарына жауап беретін онлайн режимде қолжетімді мәтіндік қор жүйесі жасалып, ұсынылады.
Тілдік корпустардың басты ерекшеліктері – олардың «белгіленуі», яғни мәтіндердің құрамында мәтіндердің өздерін де, олардың бірліктерін де сипаттайтын әртүрлі тіл деңгейлеріне қатысты арнайы мета, лингвистикалық белгілердің болуы. Бұл белгіленімдерді жетілдіру жоспарланған.
Корпустың статистикалық әдіснамасын қолдану тіл дамуының белгілі бір кезеңінде осы тілдік ортаға тән тілдік және лингвомәдени құбылыстарды жан-жақты және барынша объективті талдауға мүмкіндік береді. Бұдан өзге ІТ-жобаларды әзірлеуге дайын өңделген электрондық мәтіндердің тапшылығы жойылады.
Корпус қорының үнемі толықтырылып, өңделіп отыруы есебінен оң нәтижелерге қол жеткізілуде. Корпус базасы публицистикалық, ауызекі сөйлеу мәтіндерімен толықтырылады. Ғылыми және көркем мәтіндердің корпустары әзірленеді.
Корпус деректерін тіл оқыту кезінде пайдалануға болады. Корпустар көп қырлы лексикографиялық жұмыстың қайнаркөзі және құралы бола алады, оны қолданыстағы грамматиканы нақтылауда, орфографиялық, әдеби тіл сөздіктерін құрастыруда нақты дерек ретінде тиімді қолдануға болады, ғылыми мәтіндерді жинақтау арқылы терминдерді сұрыптау, тілдік тұрғыдан модельдеу және оларды автоматтандыру проблемаларын шешуге де қолайлы.
Қазақ тіліндегі мәтіндік базаны әртүрлі жұмсалымында қолдану мен кодификациялау, стандарттау мен жаңғырту, оны айналысқа түсірудің қайнаркөзі болатын «Қазақ тілінің ұлттық корпусын/кіші корпустарын» әзірлеу мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге, тілдік деректерді цифрландыруға, тілдің даму динамикасын зерделеуге, өміршеңдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақ тілінің ұлттық корпусын әзірлеу және оның қызметін орталықтандыру мақсатында қазақ тілінің ұлттық корпусын әзірлеушілердің қауымдастығы құрылады.
Қазақ тіліндегі мәтіндердің автоматтандырылған базасы
Әр жылдары «Tilalemi.kz», «Emle.kz», «Termincom.kz», «Sozdikqor.kz» сайттары мен порталдары қалыптастырылды. Бұлар бір жағынан тілдік бірліктердің көпшілікке электрондық түрде қолжетімділігін қамтамасыз етуде, екінші жағынан халықтың тілдік сауаттылығын арттыруда маңызды рөл атқарады. «Termincom.kz» бірыңғай электрондық базасында республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдер жинақталған. Осы орайда заң шығару, денсаулық сақтау, энергетика, ауыл шаруашылығы, экология, геология, құрылыс, бизнес, ІТ және басқа да салалар бойынша бекітілген терминдер қорын арттырып, базаның көлемін одан әрі ұлғайту жұмысы жүргізіледі. Жаратылыстану және техникалық бағыттағы 15000 терминге мониторинг жүргізу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, базаға салалық ғылыми еңбектер, терминологиялық сөздіктер, тақырыптық материалдар жүктеледі.
«Emle.kz» – қазақ тіліндегі сөздердің дұрыс жазылу нормаларын көрсететін ақпараттық-анықтамалық портал, ал «Sozdikqor.kz» – түрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздермен, тұрақты сөз тіркестерімен және көнерген сөздердің мағынасымен танысуға мүмкіндік беретін әмбебап платформа.
Қазіргі уақытта алгоритмі әзірленіп жатқан жобалардың бірі – «Qazgramma» көпфункционалды бағдарламалық кешені. Орфографиялық, грамматикалық, пунктуациялық қателерді түзету, кейбір сөздерді, сөз тіркестерін маркерлеу, мəтінде сөздер құрау, маңызды тұстарын ерекшелеу, танылмайтын сөздерге дұрыс нұсқалар ұсыну функциялары тұрғындардың қазақ тіліндегі сауаттылығына ықпал ететін болады. Кешен толық әзірленгеннен кейін компьютер немесе смартфон арқылы қазақ тіліндегі мәтіндердің сапасы артады.
Жоғарыдағы жобалармен қатар «Qazcorpora.kz», «Qujat.kz», «Qazlatyn.kz», «Tilalemi.kz» порталдарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету тіл білімі және қазақ тілінің даму келешегі үшін маңызды. Осы ретте қазақ тілінің электрондық базаларының қорларын толықтыру жұмысы үздіксіз жүргізілетін болады.
Қазақ тілін виртуалды кеңістікке ендіру
Қазақ тіліне сұраныс артқан сайын ол ақпараттық технологиялардың интерфейстеріне, мәзір баптауларына біртіндеп енгізілуде.
Ақпараттық технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшы, құрылғылар мен бағдарламалық қамтамасыз ету қызметтерін ұсынатын Microsoft компаниясы өз өнімдеріне қазақ тілін енгізді. Қазақ тілі Microsoft аударма қосымшалары, қондырмалар, Office бағдарламалары, Bing аудармашысы және кәсіпорындар мен бағдарлама әзірлеушілерге арналған Azure Cognitive Services аударма қызметінің тілі ретінде қызмет етеді.
Мәселен, Microsoft Teams компаниясы 2021 жылы ғана заманауи жұмыс және білім алу кеңістігі үшін қазақ тіліне бейімделген алғашқы шетелдік платформалардың біріне айналды. Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде платформаның 250 мыңға жуық қазақстандық пайдаланушысы бар, олардың басым бөлігі (70 %) жалпы білім беретін мектептерге тиесілі.
Microsoft Translator тілдер тобына қазақ тілі енгізілді. Бүгінде «Qazaqsha» мен «Qazaq Tili» Қазақстанда, Батыс Қытайда, Батыс Моңғолияда, Ресейдің шекаралас өңірлерінде және әлемнің өзге де аймағында 22 миллионнан астам адам қолданады.
Ірі ІТ-корпорациялар өздерінің дауыстық көмекшілерін жасау арқылы бұл технологияны ілгерілетуде. Ең танымалдарына Google-дан Google Assistant, Apple-дан Siri, Amazon-нан Amazon Echo (Alexa), Microsoft-тан Cortana және Yandex-тен Алиса жатады.
Интернет-ресурстарды қолданушылардың, оның ішінде қазақ тілінде ақпарат алушылардың үлесін арттыруға және мемлекеттік тілді еркін меңгерген халық арасында, әсіресе жастар арасында заманауи тренд ретінде қалыптастыруға бағытталған бірқатар жұмыстар жүзеге асырылатын болады.
Атап айтқанда, әлемдік деңгейдегі талаптарға сәйкес инновациялық-ақпараттық ашық жүйе ретіндегі қазақ тілінде сөйлейтін, автоматты жауап беретін виртуалды роботты – дауыстық көмекші отандық өнімін әзірлеу жұмысы қолға алынады.
Қазіргі уақытта дауыстық көмекші әзірлеудің маңызы зор. Бүгінде өте танымал «Алиса», «Alexa», «Cortana» мен «Siri» тәрізді өнімдер мәтінді пернетақта мен тінтуірді пайдаланбай енгізуді, қолданушының ауызша командасы арқылы қажетті сайтқа, ақпаратқа, бағдарламаларға жылдам қол жеткізуді, еске салу, қоңырау шалу, хабарламалар жазу, жаңалықтарды дыбыстау, «ақылды үй» функцияларын жүзеге асырады, жасанды интеллекттің арқасында жетілдіріліп, адаммен толыққанды диалог орнату мүмкіндігіне ие болды. Осы ретте отандық «Айсана» виртуалды роботын әзірлеу жұмысы жүргізіледі.
Дауыстық көмекшілердің, сөйлеу талдамасының, дауыс синтездерінің әзірленуі бизнес-процестерді автоматтандыруға, call-орталықтарды жетілдіруге, сондай-ақ көру қабілеті бұзылған адамдардың мұқтаждықтарын қанағаттандыруға негіз болады. Аталған бағыттағы жобаларды іске асыру үшін әлемдік ІТ-компаниялармен келісімдер, меморандумдар жасасу мәселелері қарастырылады.
Қазақтілді ІТ-мамандар даярлау және арнайы гранттар бөлу мәселелері пысықталатын болады. Бұл шаралардың іске асырылуы халықтың қазақ тіліндегі цифрлық сауаттылығын арттыруға және қазақтілді тұтынушылардың сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Тұжырымдама мемлекеттік және басқа тілдердің қолданысын жүйелеуге, реттеуге бағытталған. Атап айтқанда, ол мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің жетекші рөлі мен басымдығын қамтамасыз етуді мақсат етеді. Тұжырымдама аясында іске асырылатын іс-шаралар тілдің аталған кезеңдегі өзекті мәселелеріне сәйкес құралған.
6-бөлім. Нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтижелер
Тұжырымдаманың мақсатына қол жеткізу шеңберінде 13 негізгі нысаналы индикатор және 3 күтілетін нәтиже айқындалды.
Нысаналы индикаторлар:
2029 жылға қарай күтілетін негізгі нәтижелер: