Қазақстан халқы тілдері күні атап өтілді

2023 жылдың 8 қыркүйек күні орталықта "Тілдер күні" мерекесі атап өтілді.

Іс шараға орталықтың ең белсенді деген бөлімшелері ат салысты. Мерекенің басты мақсаты Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығын атап өту және этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға ат салысу болатын.

Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде өзге ұлт өкілдерінің тілінің дамуымен қатар, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде елімізде 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламасы да қазақ тілінің ұлтаралық қатынастар тілі деңгейіне жетуіне бағытталған.

Жуықта «Ана тілі» газетіне берген сұқбатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір мәрте тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар екенін қадап айтты.

Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. 

Алайда мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық. Өйткені оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін, деп атап өткен болатын.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы үшін мемлекеттік тілде сөйлеу мақтаныш болу үшін оған қажеттілікті арттыру керек деп, нақты шешімдер ұсынды.

Біріншіден, мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 


Печать   E-mail