19 мамыр күні Астана медицина университетінде «Хирургия мен медицина білімінің таңдаулы мәселелері» атты халықаралық қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шара көрнекті ғалым, хирург, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, Қазақстандағы хирургиялық және травматологиялық мектептің негізін қалаушылардың бірі, Астана қаласының құрметті азаматы, Қазақстан медицина ғылымдары академиясының құрметті академигі және еуропалық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, профессор Гилен Васильевич Цойдың 100 жылдық мерейтойына арналып отыр.
«Университет қабырғасында шетелдік әріптестерімізбен тәжірибе алмасу, хирургия саласының даму болшағын талқылау біз үшін ерекше мәртебе, өйткені Г.В.Цой 40 жылдан астам уақыт осы оқу ордасында еңбек етті, жоғары білікті дәрігерлер тобын тәрбиеледі», – деп атап өтті конференцияны ашқан Астана медицина университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Камалжан Надыров. «Конференция қорытындысы бұдан кейінгі ғылыми жұмыстар үшін негіз болатынына, хирургиялық қызметті одан әрі дамыту үшін тұжырымдаманы айқындайтынына және медицина кадрларын даярлау кезінде білім беру процесін жетілдіруге ықпал ететініне сенімдімін», - деп атап өтті ол.
Конференция барысында ҚР-да шұғыл хирургиялық қызметті ұйымдастырудың өзекті мәселелері талқыланды, шұғыл хирургия мен травматологияның заманауи әдістері мен инновациялық технологиялары, сондай-ақ медициналық білім берудегі жаңа білім беру технологиялары жөніндегі өзекті мәселелер талқыланды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хирургиялық көмек көрсетуді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударады. Бұл туралы конференцияда ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Азамат Дүйсенов мәлімдеді. Ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен хирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастырудың жаңартылған стандарты бекітілді. А.Дүйсенов конференция халыққа хирургиялық көмек көрсетуде жаңа тәсілдер мен шешімдерді әзірлеу үшін тиімді алаң болып табылатынын, сондай-ақ елдер арасындағы денсаулық сақтау саласы бойынша қарым-қатынасты нығайтуға, халықтың денсаулығын жақсартуға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Конференция басталмай тұрып, атақты хирург Г.В.Цойға арналған ескерткіш тақта ашылды. Салтанатты рәсімге Гилен Васильевичтің туыстары, достары мен шәкірттері, Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы, академиктер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
* Цой Гилен Васильевич – Астана қаласының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, профессор. ҚР хирургиялық қызметі мен хирургиялық ғылымының дамуына зор үлес қосты. Қазақстан медицина ғылымдары академиясының құрметті академигі және еуропалық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі болды. Өзінің 90 жылдық мерейтойына дейін кәсіби қызметін жалғастырды, оның ішінде Астана медицина университетінде құрылғаннан бері 42 жыл жұмыс істеді. Облыстың бас хирургі Гилен Васильевич жұмысын доцент, кейін кафедра меңгерушісі лауазымындағы педагогикалық қызметпен ұштастырды. Г.В.Цойдың шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде және шетелде жұмыс істейді.
Гилен Васильевичтің өмірі – мамандыққа – медицинаға адалдықтың жарқын мысалы. Оның еңбек жолы біздің өңірдің тарихымен тығыз байланысты болды. Тың игеру жылдары ол Тың игеру өлкесінің бас хирургі ретінде Ақмола облысы мен Солтүстік Қазақстанның хирургиялық және травматологиялық қызметін ұйымдастыруға белсенді қатысты. Өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін ортопедия, хирургия және травматология медициналық бір мамандық ретінде қарастырылды. Г.В.Цой тек хирургиялық емес, сонымен қатар тың игеру аймағындағы ортопедиялық-травматологиялық қызметтің негізін қалаушы болып саналады. Екі диссертациясы да (кандидаттық және докторлық) ауыл шаруашылық жағдайында жарақаттанудың және өлімге әкелетін жарақаттардың алдын алу тақырыбында жазылған.
Целиноград мемлекеттік медицина институты құрылған күннен бастап облыстың бас хирургі қызметін педагогикалық қызметпен қатар алып жүрді, жалпы, факультеттік, сондай-ақ госпитальдық хирургия кафедраларында жұмыс істеді, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі лауазымдарын атқарды.
Гилен Васильевич Астана қаласының (Целиноград ақаласының) құрметті азаматы болған және осы құрметті атақты алғаш алғандар: атақты ұшқыш-штурмовик, екі рет Кеңес Одағының Батыры Талғат Бегелдинов, Кеңес Одағының Батыры генерал Сағадат Нұрмағамбетов, Рейхстаг ғимаратында КСРО туын көтерген алғашқы жауынгер, Кеңес Одағының батыры Рақымжан Қошқарбаев сияқты батырлардың қатарында болған.
Г.В.Цой өзінің еңбек жолын 88 жасында хирургиялық аурулар кафедрасының хирург-кеңесшісі болып аяқтады. 77 жасқа дейін ол ота жасаумен айналысты, сонымен қатар Целиноград облыстық ауруханасының базасында ұйымдастырылған травматология ғылыми институтында кеңесші болды. Ол хирургиялық қызметті ашылған күннен бастап басқарды және соңғы күнге дейін сол жерде кеңесші болып қала берді.